Бүгін Астанада «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері №24 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде кездесу өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Кездесу барысында жаңа Конституция жобасының негізгі қағидалары түсіндіріліп, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қызметтердің мемлекет өміріндегі рөлі талқыланды. Жиында елдегі тұрақтылық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде құтқарушылар мен төтенше жағдайлар қызметкерлерінің еңбегі ерекше екені атап өтілді.

Астана қаласы мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі Зұлфұхар Ғаипов өрт сөндірушілерді Алғыс айту күнімен құттықтап, олардың қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қызметіне ерекше тоқталды.
Оның айтуынша, елдегі бейбітшілік пен тұрақтылық көп жағдайда әскери қызметшілерге, құқық қорғау органдары мен құтқару қызметтеріне байланысты.

«Тәуелсіздік – халқымыз үшін ең қымбат құндылық. Сондықтан жаңа Конституция жобасында егемендік мәселесіне ерекше мән беріліп отыр. Бұл – мемлекетіміздің беріктігі мен болашағын айқындайтын негізгі қағида. Сонымен қатар құжатта азаматтардың әлеуметтік құқықтарын нақтылайтын маңызды нормалар енгізілді. Мәселен, алғаш рет Конституцияда әр адамның еңбек қызметін еркін таңдауға құқығы айқын көрсетіліп, еңбек демалысы мен еңбек гигиенасына қатысты кепілдіктер нақты бекітілді. Мұның барлығы – заманауи, ойы озық қоғам қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдар», – деп атап өтті Зұлфұқар Ғаипов
Жаңа редакцияда тәуелсіздік пен егемендік ұғымдарына ерекше мән берілген. Егер қолданыстағы Конституцияда бұл ұғымдар екі рет айтылса, жаңа редакцияда олар алты рет бекітіледі. Бұл біздің мемлекет үшін тәуелсіздік ең басты құндылық екенін көрсетеді.
Отбасы құндылықтары – қоғамның негізгі тірегі. Жаңа Конституция жобасында бала дүниеге келген сәттен бастап оның негізгі құқықтары мен бостандықтары, сондай-ақ ата-ананың құқықтары мен жауапкершілігі нақты айқындалып, заң деңгейінде толық қорғалған. Бұл отбасы институтын нығайтуға бағытталған маңызды қадам, – деді Астана қаласындағы «Әкелер одағы» төрағасы Бекдайыр Нығметұлы.

Кездесу барысында қатысушылар Конституциялық өзгерістердің мазмұны мен маңызы туралы пікір алмасты. Құтқарушылар қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қызметтердің тұрақты дамуы үшін заңнамалық негіздің мықты болуы маңызды екенін атап өтті.
Жиын қорытындысында жаңа Конституция жобасы мемлекеттілікті нығайтуға, әлеуметтік кепілдіктерді кеңейтуге және азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталғаны атап өтілді. Бұл өзгерістер қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қызметтердің тиімділігін арттырып, елдің тұрақты дамуына институционалдық негіз қалыптастырады.
Кездесуге Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Марат Мұхаметқалиұлы Күлдіков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыханов, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Зұлфұхар Ғаипов, Астана қаласы мәслихатының бюджеттік, экономикалық, өнеркәсіптік және кәсіпкерлік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Кендебай Адамбек, Астана қаласы әкімдігінің «Техникалық колледж» ШЖҚ МКК директоры Абай Құрманқұлов және Астана қаласындағы «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бекдайыр Күзембай, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысты.