Сауалнама телефон арқылы жүргізілді.
Жаңа Конституция бойынша референдумға халықтың 70 пайыздан астамы қатысуға ниетті
фото: баспасөз қызметінен алынды
121
оқылды

Қазақстандық қоғамдық даму институты алдағы референдум туралы халықтың хабардарлығы мен жаңа Конституция жобасын қолдау деңгейін зерделеу жөнінде әлеуметтанулық сауалнама жүргізді. Соның нәтижесінде халықтың 90%-ға жуығы жаңа Конституция жобасын қолдайтыны  анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  

Жаңа Конституция жобасы бойынша референдум өтетіні туралы халықтың 81,8%-ы хабардар. Телефон сауалнамасының нәтижесіне сәйкес, олардың 33,7%-ы референдум туралы жақсы біледі, ал 48,1%-ы естісе де егжей-тегжейлі білмейді. Ал жаңа Конституция жобасы бойынша референдум туралы ештеңе естімегендер үлесі – 17,1%. Жастар тарапынан 44,8 пайызы референдум туралы жақсы біледі.

Жалпы, ел ішінде халықтың референдум жайлы білуі олардың білім деңгейімен байланысты.  Азаматтардың білім деңгейі жоғары болған сайын  хабардар болудың жалпы көрсеткіші де артқан. Мысалы, жоғары білімі бар сауалнамаға қатысқандардың 86,7%-ы қандай да бір дәрежеде референдум өткізу туралы естіген болса, орта немесе кәсіптік білімі бар сауалнамаға қатысушының 74,3%-ы референдум туралы хабардар болғаны анықталды.

Сауалнамаға қатысушының басым бөлігі, яғни 76,9% елдегі саяси реформалар мен саяси өзгерістер туралы ақпаратты әлеуметтік желілерден (TikТok, Telegram, Instagram, Facebook, ВКонтакте және т.б.) алады. Ал үштен бірі (33,3%) мұндай жаңалықты интернет-сайттардан біледі. Тек 20,5%-ы теледидарды ақпарат көзі ретінде көреді екен. 

«Сіз жаңа Конституция жобасы бойынша референдумға қатысасыз ба?» деген сұраққа респонденттердің басым бөлігі (72,8%-ы) – оң жауап беріп, бұл олардың азаматтық парызы екенін атап өткен. Азаматтардың 17,9%-ы әлі референдумға қатысып-қатыспайтыны туралы нақты шешім қабылдамаса, 9,3%-ы референдумға қатыспайтынын жеткізген.

Сауалнама нәтижесіне сәйкес, референдумға қатысуға ең жоғары белсенділік танытып отырғандар – жастар (82,2%) мен 29-45 жас аралығындағы азаматтар (76,3%). Сондай-ақ жоғары білімді (74,4%) және жалпы орта білімді (75,0%) респонденттер екен.  Осыған байланысты қазақстандықтардың көпшілігі, яғни 89,2%-ы жаңа Конституция жобасын қолдайды. Сауалнама қатысушыларының 52,8%-ы жобаны толықтай қолдайтынын айтса,  36,4%-ы жобаны қолдауға дайын екенін жеткізді. Ал әртүрлі себептермен жаңа Конституция жобасын қолдамайтын немесе әлі таңдауын жасамағанның үлесі бар-жоғы – 10,8%.

Сауалнамаға қатысқандар арасында референдум жайлы жақсы білген аймақтар: Жамбыл (89,7%), Шығыс Қазақстан (87,8%), Қызылорда (89,1%), Батыс Қазақстан (88,1%) облыстары мен Алматы қаласы (87,6%). Ал электоралдық белсенділік Түркістан (82,7%), Батыс Қазақстан (78,6%), Қарағанды (78,1%), Қызылорда (76,1%), Жамбыл (75,0%) және Солтүстік Қазақстан облыстарында (75,0%) байқалды.

Айта кетейік, 12-20 ақпан аралығында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ қоғамдық пікірге сауалнама жүргізді.  Зерттеуге Қазақстанның 18 жастан жоғары, жынысы, жасы, тұратын өңірі бойынша жүргізілді.

Іріктеменің жиынтық көлемі – 1 200 респондент. Телефон арқылы сауалнама жүргізу аумағы 17 облысты және республикалық маңызы бар 3 қаланы (Астана, Алматы, Шымкент) қамтыды. Байланыс стационарлық және мобильді телефон нөмірлері арқылы жүзеге асты.