Күрес түрлерінен биылғы ел біріншілігі отандық спорт тарихында бұрын-соңды болмаған жаңалығымен ерекшеленбек.
Рекордтық жүлде сарапқа салынды
107
оқылды

Қазақстан күрес федерациясының мәлімдеуінше, 2026 жылғы чемпионаттардың жалпы жүлде қоры рекордтық көрсеткішке 200 миллион теңгеге жетті.

Республикалық Федерацияның баспасөз қызметі нақтылағандай, бұл қомақты қаржы тек бір жарысқа ғана емес, олимпиадалық күрестің үш түрі (грек-рим, еркін және әйелдер күресі) бойынша барлық жас ерекшелігіне теңдей бөлінеді. 

Жуырда Астанада өткен 17 және 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы ел біріншілігінің қорытындысы бойынша Федерацияның бас хатшысы Дамир Бекбосынов алғашқы нәтижелермен бөлісті. Оның айтуынша, бұл доданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері жалпы сомасы 60 миллион теңге көлемінде сыйақы алған.

«Биыл чемпионаттарға 200 миллион теңге көлемінде қомақты жүлде қоры қарастырылған. Бұл – спортшылар мен жаттықтырушылар үшін нақты қолдау. Осындай шаралардың арқасында ел біріншіліктерінің деңгейі мен бәсекелестігі тек жоғарылай түсетініне сенімдімін», – деп атап өтті Дамир Бекбосынов.

Бұл стратегиялық шешім отандық күрес мектебінің беделін арттырып, балуандардың халықаралық аренадағы, соның ішінде әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарындағы дайындығына оң әсерін тигізбек. Ендігі кезек — рекордтық сыйақы үшін бозкілемде барын салатын балуандарда.

 Әсет ҚАЛИ