Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагчамен кездесті. Тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, серіктестікті одан әрі нығайтуға қатысты міндеттерге тоқталды.
Таяу Шығыстағы ахуалға зер салды
98
оқылды

Сенат Төрағасы сұхбат кезінде Саранго Раднарагчаға ілтипат білдіріп, Қазақстан мен БҰҰ-ның дәйекті ынтымақтастығына негіз болатын іргелі құндылықтарды тілге тиек етті. Сондай-ақ ол еліміз Ұйымның барлық құрылымымен тығыз әрі сындарлы байланысты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін айтты.

Әлемдегі геосаяси ахуалды талқылау барысында Мәулен Әшімбаев Қазақстан дау-жанжалды халықаралық құқық және БҰҰ Жарғысы аясында дипло­матия­лық жолмен бейбіт шешуге бейіл екенін атап өтті.

«Біз Таяу Шығыстағы ахуалдың күрт шиеленісуін терең алаңдаушы­лықпен бақылап отырмыз. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт  Тоқаев жағдайдың ушығуына байланысты Парсы шығанағындағы бірқатар елдің басшыларына қолдау білдірді. Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстан қақтығыстарды тезірек тоқтатуды және барлық текетіресті диалог пен дип­ломатиялық жол арқылы бейбіт реттеуді қолдайды», – деді Мәулен Әшімбаев.

Осыған байланысты палата Төра­ғасы Орталық Азия аймағының қауіп­сіз­дігін нығайтуда өзекті құрылымның біріне айналған БҰҰ-ның Алматыдағы Өңірлік орталығының маңызы туралы айтты. Ол орталықты құру дер кезінде қабылданған шешім екенін және бұл қадам Қазақстан мен БҰҰ арасындағы сенімге негізделген қарым-қатынас­тардың нақты нәтижесі саналатынын атап өтті.

Кездесуде Сенат Төрағасы елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның іске асырылу барысына да назар аударды.

«Мемлекет басшысы былтырғы қыр­күйекте халыққа арнаған Жол­дауында бір палаталы Парламент жүйесіне көшу туралы бастама көтерген еді. Осы мақсатпен Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылып, еліміздің стратегиялық даму басым­дықтарына және қазіргі жаһандық сын-қатерлерге сай жаңа Конституция жобасы әзірленді. Жаңа Ата Заң жобасында құқықтық мемлекет қағи­даттары, қоршаған ортаны қорғау және азаматтардың құқықтары мен бос­тандықтарын қамтамасыз ету прин­циптері бекітілген. Олар мемлекет үшін ең жоғары құндылықтар ретінде айқындалды. Аталған бастама бойынша қорытынды шешімді еліміздің азаматтары 15 наурызда өтетін респуб­ликалық референдумда қабылдайды», – деп Мәулен Әшімбаев БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісіне жаңа Конституция жобасының маңызды ережелері туралы айтып берді.

Сонымен қатар тараптар алдағы кезеңге арналған бірлескен жұмыстың басым бағыттарын жан-жақты талқы­лап, Орталық Азиядағы орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу және геосаяси шиеленіс жағдайында аймақтағы климаттық сын-қатерлерді еңсеру мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Өз кезегінде Саранго Раднарагча Қазақстанға орнықты даму мақсат­тарына қол жеткізу, адам капиталын дамыту, инклюзияны қамтамасыз ету және БҰҰ-мен серіктестікті нығайту бағытындағы бастамалары үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ ол көпжақты қарым-қатынасты ілгерілетуге және бірқатар бағыт бойынша бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екенін жеткізді.