Кез келген жас бәсекеге қабілетті, сұранысқа ие мамандықты игеріп, жарқын болашаққа қадам жасағысы келеді. Ал елімізде «Жарқын Болашақ» бағдарламасы 2022 жылдан бастап жастардың дамуына жол ашты.
«Жарқын Болашақ» жастарды қолдайды
106
оқылды

Жақында «Жарқын Болашақ» бағдар­ламасының елордада білім алып жатқан студенттерімен мотивациялық кездесулер өтті. «ҚазМұнайГаз» ком­паниясының адами ресурстар жөніндегі бизнес серіктесі Гүлшара Наушақызы мен Bilim Foundation қорының президенті Ерлан Аман­жолұлы жиынға арнайы қатысып, бағ­дарлама студенттерімен пікір алмасып, оқу орындар­ының тыныс-тіршілігімен танысты.

«Жарқын Болашақ» – Маңғыстау обл­ысы­ның жастарын қолдауға арналған білім беру бағдарламасы. Бағдарлама ма­мандан­дырылған мектептерде және үздік колледж­дерде оқуға мүмкіндік береді. Сту­дент­терге тегін оқу, жатақханаға орн­а­ласу, жоғарыла­тылған шәкіртақы, та­мақтану және жол шығындары, кәсіби және жеке даму мүм­кіндіктеріне орай бар қолдау жасалған әрі білім алушылар жеке ментор мен психолог­тардың көмегін ала алады. Біз, алдымен, Астанадағы Тех­никалық колледжде білім алып жатқан студенттермен кездесуге бар­дық. Мұнда өндірістік-практикалық оқу кабинеттерін аралап, техникалық мамандықтар жайында ақпарат алдық.

– Қазір екінші курста оқимын. Машина жасау технологиясы мамандығы бойынша білім алып жатырмыз, оның ішінде кең­бейінді станокшы біліктігін алып шығамын. Бірінші семестрде тео­рия­лық білім алдық, екінші семестрден бастап практикалық сабақтарға көшіп жатырмыз. Практикаға колледж базасында мүмкіндіктің бәрі бар, өндіріс орындарына да барамыз. Алда білімімді жетілдіріп, осы салада қыз­мет еткім келеді, – дейді бағдарлама студенті Аманбай Қазыбек.

Айта кетерлігі, бағдарлама аясында студенттер сұранысқа сай 100-ге жуық мамандықтың бірін таңдап, білім ала алады. Қазір 1 100 маңғыстаулық жас ел­­дің 9 өңірінде IT технология, туризм және медициналық, техникалық, педа­гогикалық мамандықтарды игеріп жатыр. Гүлшара Наушақызының айтуынша, бағдарламаны аяқтаған түлектерге жұ­мыс­қа орналасуға да қолдау табылады. 

– Жаңаөзен, Жетібай, Қарақия сынды мұнайлы өлкенің жастары білім алып, тәжірибе жинағысы келеді, алайда оқу орындарының дені мұнай саласын оқы­туға бейімделген. Сол себепті де «Қаз­Мұна­йГаз» ұлттық компаниясы бұл өңір­­­де басқа да сұранысқа ие мамандық­тардың қажетін ескеріп, «Жарқын Бола­шақ» бағдарламасын қолдауға ұсын­ыс берді. Бағдарлама іске қосылғаннан бас­тап 1 500-ге жуық жасты оқытып шы­ғар­дық. 400 түлегіміз жұмыс істеп жатыр, ал қалғаны жоғары оқу орын­дарына түсіп, білімін жетілдіріп жүр, – дейді Г.Наушақызы.

Ал Техникалық колледж директоры Абай Барманқұлұлы Қытай елімен келі­сімге отырып, электромобильдерді жөндеу мамандығын оқу  бағдарламасына енгізіп жатқанын, колледж ұжымының ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару саласына да назар аударып отырғанын жасырмады. «Жар­қын Болашақ» талай жастың бола­шағын жарқын етеріне, алда бағдарлама аясы кеңейе түсеріне сеніміміз мол.

Айсұлу СЪЕЗХАН