Жаңа Конституция жобасы адам капиталын мемлекеттің басты қазынасы деп танып, әлеуметтік әділеттілік пен лайықты тұрмысқа құқықтық кепілдік береді. Осы бағыттағы іргелі өзгерістер жасанды интеллект пен жаппай цифрландыру игілігімен ұштасып, жүздеген мың отандас үшін сапалы жұмыс орнын құруға әрі еңбек нарығын технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға жол ашпақ.
Конституция төрінде – еңбек құндылығы
Ата Заңның жаңа редакциясында еңбексүйгіштік елдік құндылық ретінде бекіп, адам капиталы мемлекеттің басты байлығы деп танылмақ. Бұл – маңдай тер мен адал кәсіпті ұлттық стратегияның өзегіне айналдыру деген сөз. «Цифрландыру және ЖИ жылы» аясында еңбекпен қамту саласының түбегейлі жаңғыруы – осы ұстанымның нақты көрінісі. Ендеше қабырғалы жұртымыз үшін еңбек енді тұрмыс қамы ғана емес, тәуелсіздіктің тұғырын бекітетін іргелі мұратқа айналғалы тұр.
Жаңа Конституция жобасында еңбекке ерекше орын берілген. Оның 3-бабында: «1. Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттары: Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау; адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау; заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету; жалпыұлттық бірлікті бекемдеу; халықтың әл-ауқатын арттыру; жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын ілгерілету; қоғамдық диалогты дамыту; еңбексүйгіштік, прогресс, білім құндылықтарын бекіту; жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру; тарихи-мәдени мұраны сақтау; төл мәдениетті қолдау» деп жазылған. Яғни, бұл ата-бабадан дарыған асыл қасиет қана емес, ендігі жерде конституциялық мәртебеге ие қасиетті құндылық. Еңбексүйгіштік ұғымының конституциялық деңгейде бекітілуі – тек моральдық үндеу емес, мемлекеттік идеологияның тірегіне айналатын құқықтық тұғыр. Халықтың әл-ауқатын арттыру, прогресс пен білімге ұмтылу – бәрі де еңбекпен астасады. Демек, еңбек енді тек әлеуметтік категория емес, елдік сананың конституциялық өлшемі.
Бұдан бөлек, оның 27-бабы толығымен дерлік еңбекке арналады. Біріншіден, «әр адамның еңбек етуге, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға құқығы бар. Еңбекке мәжбүрлеп тартуға қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін адамды кінәлі деп тану туралы сот актісінің негізінде, не төтенше жағдайда, не соғыс жағдайында жол беріледі». Екіншіден, «Қазақстан Республикасы қауiпсiздiк пен гигиена талаптарына сай еңбек жағдайлары құқығына, еңбегi үшiн қандай да бiр кемсiтусiз сыйақы алу, сондай-ақ әлеуметтiк қорғалу құқығына заңға сәйкес кепілдік береді».
Үшіншіден, «Заңда белгіленген тәсiлдерді қолдана отырып, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешу құқығы танылады». Төртіншіден, еңбекшілдердің демалысы Конституция жүзінде кепілдендіріледі: «Тынығу, жұмыс уақытының ұзақтығы, демалыс және мереке күндерi, ақы төленетін демалыс құқығына заңмен кепiлдiк беріледi».
Құжаттың 30-бабында «Кәмелетке толған еңбекке қабiлеттi балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға мiндеттi», – деп бекітілген. Яғни, еңбекке қабілеттілік ата-анасын күтіп-бағудың шартына айналады. Бұл – мүгедектігі бар жандарға артық салмақ салмай, аяқ-қолы балғадай ересек перзенттердің масылдығына тосқауыл қоятын әділетті қадам. Еңбекке қабілеттілік – тек жеке табыс табудың құралы емес, ұрпақтық жауапкершіліктің де ұстыны. Сөйтіп, Конституция отбасы мен еңбекті өзара сабақтастыра қарастырады. Ата Заң еңбек қатынастарын құқықтық шеңберде ғана емес, адамгершілік және өркениеттік кеңістікте пайымдайды.
Адами капитал – стратегиялық бағдар
Үкіметте еңбек саласына вице-премьер – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жетекшілік етеді. «Мемлекеттік саясаттағы тәсілдерде іргелі өзгеріс байқалады. Алғаш рет Конституция деңгейінде адами капиталды дамыту стратегиялық бағыт ретінде бекітілді. Мемлекеттің басты ресурсы ретінде адам, оның біліктілігі мен еңбек ету қабілеті танылады. Осыған байланысты сапалы жұмыс орындарын құру мәселелері ұлттық стратегия дәрежесіне өтеді», – деді ол.
Бұл тұжырым – экономиканы тек шикізат немесе инфрақұрылым арқылы емес, адам арқылы дамыту идеясын бекітеді. Шын мәнінде, адами капитал – ХХІ ғасырдағы бәсекенің басты өлшемі. Сапалы жұмыс орны жай статистикалық бірлік емес, ұлт болашағының индикаторы.
Оның пайымдауынша, Мемлекет басшысы әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөліп отыр. Азаматтардың жағдайы мен елдің тұрақты дамуы жаңа Конституция жобасының негізгі өзегіне айналды. Өйткені халықты жұмыспен қамту Ата Заңның жаңа жобасының тағы бір құндылығы – халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет етеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы елде 2,9 млн сапалы жұмыс орны сақталды. 2026 жылы мемлекет өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында жарты миллионнан астам адамды жұмысқа орналастыруға тиіс.
Мемлекет басшысы жариялаған «Цифрландыру және ЖИ жылы» аясында министрлік алдында әлеуметтік-еңбек саласын технологиялық тұрғыда жаңғыртудың ауқымды міндеті тұр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, министрліктің басты стратегиялық басымдығы – халықты өнімді жұмыспен қамту және азаматтардың экономикалық белсенділігін ынталандыру болып отыр.
– Біз күш-жігерімізді нақты жұмысқа орналастыруға, тұрақты жұмыс орындарын құруға және азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыруға жұмсаймыз. Былтырғы жылдан бастап жұмысқа орналасу мониторингі тек міндетті зейнетақы жарналары туралы деректер негізінде жүзеге асырылады. Бұл бізге формалды есепке алуды толығымен жойып, нақты жұмыспен қамтылуды объективті бағалауға көшуге мүмкіндік берді, – деп атап өтті Асқарбек Ертаев.
Бұл бағыттағы жұмыс Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы аясында жүргізіліп жатыр. Құжаттың негізгі макроиндикаторы – 2029 жылға қарай сапалы жұмыс орындарының санын 3,8 миллионға жеткізу. 2025 жылы экономикада осындай 2,9 млн жұмыс орны қамтамасыз етіліпті. Сапа өлшемшарттары айқын: өңір бойынша медиандық жалақыдан төмен емес еңбекақы төлеу, кемінде 6 ай тұрақты жұмыспен қамту, өндірістік жарақаттанудың төмен деңгейін сақтау, міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты аудару. Саннан сапаға көшу – экономикалық сауығудың белгісі. Тек қағаз жүзіндегі емес, зейнетақы жарнасымен расталған жұмыс қана азаматтың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етеді.
Жаңа тетік – «100 жұмыс орны»
2026 жылы өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында NEET санатындағы жастарды қоса есептегенде 547,7 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған. Оның ішінде 280 мыңы – жұмыс берушілердің бос жұмыс орындарына, 116,1 мыңы – «100 жұмыс орны» бағдарламасы бойынша жіберіледі. 112,1 мың азамат жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтылады, тағы 39,5 мыңы ұлттық жобалар шеңберінде жұмысқа орналасады.

Жұмыс берушілердің көзбояушылығын болдырмау үшін 2026 жылғы 1 сәуірден бастап субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға меншік нысанына қарай сараланған тәсілдер қолданылады. Сондай-ақ мемлекеттік бизнес-гранттарды беруді мониторингтеудің 2 деңгейлі цифрлық жүйесі енгізілу үстінде: І деңгейде қаражаттың нысаналы пайдаланылуы қадағаланса, ІІ деңгейде жобалардың ұзақмерзімді тұрақтылығы мен жұмыспен қамту деңгейі бағаланады. Бұдан бөлек, биыл мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру квоталарын белгілеу үдерісі толық автоматтандырылмақ.
ЖИ: жаңа дәуірдің еңбек моделі
Ендігі мақсат – болары болған жұмыссыздықты тіркеуден оны ерте анықтауға және алдын алуға көшу. «Азаматтың цифрлық профилі» қалыптастырылып, ЖИ-профильдеу моделі енгізіледі. Бұл – еңбек нарығын реактивті басқарудан проактивті басқаруға көшіру. Демек, цифрландыру есеп емес, болжау мен алдын алу үшін қажет.
Кадрларды даярлауға ерекше назар аударылады: 2026 жылы слесарь, электр мамандары, газбен кесушілер және басқа сұранысқа ие жұмысшы мамандықтары бойынша 10 мыңнан астам кәсіп иесін даярлау жоспарланған. Skills.enbek платформасы арқылы 100 мыңға жуық адам оқытумен қамтылады. 500 мың шәкірт Enbek.kz сайтында жұмыс іздеу дағдыларына үйретіледі. 100 мың оқушы Mansap.enbek платформасында кәсіптік бағдарлау бойынша диагностикаланады.
– Осы жылы технологиялық трансформацияның маңызды қадамы – ізденушілерге дербес бағдар-маршруттарды проактивті түрде таңдауға мүмкіндік беретін «ЖИ негізіндегі Цифрлық жұмыспен қамту қызметін» толық ауқымды іске қосу болмақ. Enbek.kz Электрондық еңбек биржасы бірыңғай цифрлық алаң: онда қазірдің өзінде 900 мыңнан астам жұмыс беруші және 3,3 миллионнан аса жұмыс іздеуші тіркелген, – деді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті Ерасыл Жұманбаев.
2025 жылғы статистика көрсеткендей, азаматтар онлайн режимге белсенді түрде ауысып жатыр: проактивті және электрондық форматтарда 1 млн 37 мың жұмыс іздеуші (жалпы санның 91%), 891 мың жұмыссыз (97%) тіркелді. Жұмысынан айырылу жағдайына байланысты әлеуметтік төлем 158 мың адамға тағайындалды.
– Министрлік 2026 жылы жұмыссыздықты тіркеуден оны ерте анықтауға және алдын алуға көшеді. Басты назар түлектерді, босатылатын жұмыскерлерді және зейнетақы жарналары тоқтатылған адамдарды мониторингтеуге аударылады. Деректер базасын біріктіру негізінде «Азаматтың цифрлық профилі» қалыптасады. Оның базасында ЖИ-профильдеу моделі енгізіледі: әр адамға дербес бағдарды, бос жұмыс орындарын, қайта оқытуды, субсидияланатын орындарды жасанды интеллект жеке таңдайтын болады, – деді ведомство мамандары.
Азаматтармен өзара іс-қимыл eGov Mobile қосымшасындағы атаулы push-хабарламалар арқылы проактивті форматқа ауыстырылды. Ашықтыққа кепілдік беретін жұмысқа орналасуды ұдайы цифрлық верификациялау жүйенің қорытынды элементі болмақ.
Қауіпсіз еңбек – құрыштай тәртіп
Мәселенің бір тармағы еңбек қатынастарын реттеу және өндірістік қауіпсіздікке қатысты. Бұған жаңа Конституция жобасында мән берілгені айтылды. 2025 жылы 505 мың ұйымды қамтыған мониторинг тексерісінің жүйелі цифрлық моделі құрылды. Тәуекелге бағдарланған тәсілді қолдану әлеуметтік шиеленіс қаупі жоғары кәсіпорын санын 11,8%-ға, 1 715-тен 1 513-ке дейін төмендетуге мүмкіндік беріпті.
Еңбекті қорғау саласында жүйелі профилактикалық шаралар өндірістік жарақаттану деңгейін 4,5%-ға (1 406-дан 1 345 адамға дейін) және өлім-жітімді 6,9%-ға (202-ден 188 адамға дейін) төмендетуге мүмкіндік берді. Бұл сандар – құрғақ статистика емес, мыңдаған адамның тағдыры. Әр пайыз – сақталған өмір, қорғалған құқық. Заңды тұлғалардың жұмыскерлерін жазатайым оқиғалардан сақтандырумен қамтуы 67%-ға жетті. 2026 жылы өндірістік нысандарды аттестаттаудан кәсіптік тәуекелді бағалау жүйесіне көшуді аяқтау жоспарланған: 660 кәсіпорын қамтылмақ. Жұмысшының қауіпсіздігі – өндірістің басты өлшемі. Адам өмірі көрсеткіштерден жоғары тұруға тиіс.
Қорыта айтқанда, қолға алынған проактивті жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жүйесі адами капиталды дамыту және еңбек қатынастары саласындағы бақылаумен ұштасып, азаматтардың өмір сүру сапасын одан әрі арттыруға, экономиканы нығайтуға және елдегі әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге берік негіз болуға тиіс.
Еңбек – қазақ дүниетанымында ежелден қасиетті ұғым. Енді сол құндылық конституциялық мәртебеге ие болуы мүмкін. Бұл – тарихи сабақтастықтың құқықтық жалғасы. Еңбек шын мәнінде ұлттық стратегияның темірқазығына айналса, онда экономикалық қуат та, әлеуметтік тұрақтылық та, қоғамдық келісім де берік болмақ.
Айхан ШӘРІП