Мәжіліс депутаттарының алдағы республикалық референдум және жаңа Конституция жобасын талқылау бойынша өңірлерде халықпен кездесулері жалғасуда. Олар Ата Заңның басты нормаларын, референдум өткізу тетіктерін түсіндіреді және жұртшылықтың сұрақтарына жауап береді.
Мәжіліс депутаттары аймақтарды аралады
88
оқылды

Конституцияның «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидасы, цифрлық ортада құқық қорғауды күшейту, білім беруді, ғылым мен инновацияларды дамыту, сондай-ақ Құрылтай және басқа да жаңа саяси механизмдердің құрылуы сынды идеялар мен жаңашылдықтар төңірегінде қызу талқылаулар өрбітіп жатыр.

Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан мен депутат Олжас Құспеков Астанада «Қазақстан темір жолы» АҚ филиалы Теміржол көлігі персоналын бағалау және дамыту орталығына барды. Кәсіпорын ұжымымен кездесуде конституциялық өзгерістер аясындағы еңбек қауіпсіздігі және қызметкерлердің құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды. Депутаттар еңбек жауапкершіліктің артуына және қиындықтарға байланысты теміржол саласының қызметкерлері үшін бұл өте маңызды екенін атап өтті. Конституция жобасында қауіпсіз еңбек жағдайлары, әділ жалақы, әлеуметтік кепілдіктер және еңбек дауларын заңды түрде шешу құқығы сынды азаматтардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін ережелер туралы нормалар бекітілген.

Депутат Дүйсенбай Тұрғанов Атырау жұртшылығымен бірқатар кездесу өткізді. Атырау мұнай өңдеу зауытының ұжымымен кездесуде ол 15 наурызға белгіленген референдум баршаға өз ұстанымын білдіруге және елдің болашағына ықпал етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

– Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміздегі реформалар ешқашан мұндай кең әрі жалпыхалықтық деңгейде талқыланған емес. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының айқын көрінісі. Жаңа құжаттың негізінде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасы жатыр. Ұсынылған өзгерістер – соңғы жылдардағы саяси жаңғырулардың қисынды жалғасы. Басты мақсат – мемлекеттік институттарды тиімдірек, орнықты және қоғам алдында жауапты ету, – деді Д.Тұрғанов.

Кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлері Экологиялық күн тәртібі бойынша сұрақтар қойды. Депутат құжатта алғаш рет мемлекеттік саясат қағидаттарының бірі ретінде экологиялық мәдениетті қалыптастыру бекітіліп, қоршаған ортаны қорғау басымдықтар қатарына енгізілгенін айтты.

Тағы бір кездесу 10 мыңнан астам студент білім алатын Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде өтті. Онда жаңа жалпыұлттық диалог алаңы – Халық Кеңесін құру, сондай-ақ Вице-президент институтын енгізу мәселелері қызығушылық тудырды. Депутат жаңадан құрылатын консультативтік орган қоғамның мүдделерін білдіретінін, ол заң шығаруға бастамашы болу құқығына ие болатынын атап өтті. Вице-президент Парламентпен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп қызмет атқарады, Мемлекет басшысы айқындайтын өзге де құзыреттерге ие болады.

Дүйсенбай Тұрғановтың Атырау облысы Су Арнасы ұжымымен кездесуде экологиялық бастамалар мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелері сөз болды. Депутат Конституция жобасында жердің, жер қойнауының, су көздерінің және басқа да табиғи ресурстардың иесі халық екендігі туралы ереже бекітілетінін, бұл мемлекеттің оларды сақтау жөніндегі жауапкершілігін күшейтетінін атап өтті.

Мәжіліс депутаты Марат Башимов те белсенді түсіндіру жұмысын жүргізді. Сенатор Геннадий Шиповских екеуі «ҚазТрансОйл» компаниясының ұжымымен реформалардың келешегін талқылады. Кездесуге 12 өңірден және шетелдік филиалдардан келген бөлімшелердің қызметкерлері қатысты.

Депутаттар жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері туралы баяндап, қызметкерлердің сұрақтарына жауап берді. Олар ұсынылған өзгерістер еңбек кепілдіктеріне, кәсіби тұрғыда өсуге, заманауи технологияларды енгізуге және инфрақұрылымды дамытуға қалай әсер ететінін айтты. Компания басшылығы конституциялық өзгерістер мемлекеттің стратегиялық салалар үшін жауапкершілігін күшейтетінін және мұнай тасымалдау жүйесін ұзақмерзімді дамыту, цифрлық шешімдерді енгізу, адами капиталды дамыту, жұмыскерлерді әлеуметтік қорғауды нығайту және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін құқықтық негіз қалыптастыратынын атап өтті.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары Марат Башимов, Нұргүл Тау және Павел Казанцев Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұжымымен кездесті. Диалог барысында жаңа Конституцияның басты нормалары, адам құқығы мен еркіндігіне басымдық берілу, құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайту, билік тармақтарының аражігін ажырату және мемлекеттің зайырлы сипатын сақтау мәселелері қарастырылды.

Астанада Мәжіліс депутаттары Нұрлан Aуесбаев пен Ажар Сағандықова өңірлердің белсенді жастарымен кездесті. Жиынға қатысушылар ұсынылған конституциялық өзгерістерге, олардың мемлекеттік басқару жүйесіне әсеріне және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін ерекше атады.