Астананың №3 сорғы-сүзу стансасы қаланың сол жағалау бөлігін сапалы ауызсумен қамтамасыз етеді. Станса тұтыну көлемінің артуына байланысты су қысымын тұрақтандыруға және сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазір стансада шамамен 100 қызметкер еңбек етеді.
Коалиция өкілдері қалалық №3 сорғы-сүзу стансасының ұжымымен жүздесті
фото: баспасөз қызметінен алынды
99
оқылды

Кеше «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Астанадағы №3 сорғы-сүзу стансасына барып, оның қызметкерлерімен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Кездесуге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Башимов, Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден, Астана қаласы мәслихатының депутаты Владислав Сергеев, заң ғылымдарының докторы Ермек Абдрасулов қатысты.

Жүздесу барысында жаңа Конституция жобасының басты өзгешеліктері мен жаңалықтары жан-жақты түсіндірілді. Ермек Абдрасулов айтқандай, жаңа Конституцияда адам өмірі мен құқығы басты құндылық ретінде көрсетілген, білімге, ғылымға, мәдениетке және инновацияларға ерекше мән берілген. Сондай-ақ елде Халық кеңесі құрылады, оның құрамына этникалық топтар кіреді, олар өз мүдделерін қорғап, бастамаларын Құрылтайға жеткізе алады.

«Конституцияда «Миранда» ережесі бекітілген. Әр адамды ұстау кезінде оған құқығы түсіндіріліп, адвокат шақыру мүмкіндігі беріледі. Егер бұл ереже сақталмаса, дәлелдер жарамсыз болып саналады. Сонымен қатар елде вице-президент лауазымы енгізіліп, бір палаталы Парламенттің атауы Құрылтай болады», – деді Ермек Абдрасулов.

Кездесу соңында станса қызметкерлері жаңа Конституция жобасын қолдауға дайын екенін атап өтіп, референдумда белсенді қатысуға ниетін білдірді.