Металл конструкцияларының жалпы салмағы шамамен 800 келіні құраған.
«Краннан сырғып кеткен»: Петропавлда жұмысшыға 800 келі металл құлап, ауыр жарақат алды
189
оқылды

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті  Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің мәліметінше, 45 жастағы кәсіпорын қызметкері кран-балка арқылы өлшемі 6×1,5 метр болатын металл табақтарды көтеру жұмыстарын орындаған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Металл конструкцияларының жалпы салмағы шамамен 800 келіні құраған.

Жүкті көтеру кезінде ілгек сақинадан сырғып кетіп, салдарынан металл табақ бүйірімен құлаған. Сол сәтте жұмысшы металл табақтардың арасында қалып, ауыр жарақат алған.

Оқиға орнына жедел жәрдем бригадасы шақырылып, зардап шеккен азамат дереу ауруханаға жеткізілді.

Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаменті Ғабит Мүсірепов көшесінде орналасқан кәсіпорындардың бірінің аумағында қызметкердің жарақат алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

– Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі толық анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.

СҚО Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, Петропавл қаласындағы көпсалалы қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасына 45 жастағы ер адам ауыр жағдайда жеткізілген. Дәрігерлер оған травматикалық шок диагнозын қойған.

– Науқас бірден жансақтау және қарқынды терапия бөліміне жатқызылды. Оның сол жақ қабырғалары бірнеше жерден сынған, сондай-ақ жүрегі мен өкпесі соғылған. Қазіргі уақытта қосымша диагностикалық тексерулер жүргізіліп жатыр. Науқастың жағдайы ауыр күйінде қалып отыр, барлық қажетті ем-дом көрсетіліп жатыр, – деді басқарманың баспасөз хатшысы Гүлнар Қалиева.