Щучинск қаласында болған жантүршігерлік жарылыстан болған трагедиялық оқиғадан кейін тергеу жұмыстары жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұған дейін оқиғаға байланысты «Центр плова» кафесінің иесі ұсталғаны хабарланған еді. Енді сот оның екі айға қамауға алынуына санкция берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Бұл шешімді Көкшетау қаласының мамандандырылған тергеу соты қабылдады. Сот қаулысына сәйкес, аталған мекеменің иесі тергеу аяқталғанға дейін екі ай мерзімге қамауға алынды.
Еске сала кетейік, Щучинск қаласындағы жарылыстан кейін бірнеше адам өліміне әкеліп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған еді. Тергеу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 292-бабы 3-бөлігі бойынша жүргізілуде. Бұл бап бойынша кінәлі деп танылған адамға 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Қайғылы оқиға салдарынан тоғыз адам көз жұмды. Олардың бесеуі оқиға орнында қаза тапса, тағы екеуі ауруханада жан тапсырған. Кейін жансақтау бөлімінде жатқан тағы екі адам бірнеше күннен соң қайтыс болды.
Дәрігерлер қазіргі уақытта жарылыстан зардап шеккен тағы алты адамның өмірі үшін күресіп жатыр. Құзырлы органдар оқиғаның нақты себептерін анықтау үшін тергеу амалдарын жалғастыруда.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы