8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қазақстан ҰҚК Шекара қызметі әскери қызметшілерінің жұбайлары арасында «Шекара аруы» атты бейнебайқау ұйымдастырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Аталған байқаудың басты мақсаты – Шекара қызметінің жауынгерлік қызметін кеңінен насихаттау, әскери қызметшілердің отбасыларына қолдау көрсету, шалғайдағы шекара бөлімшелеріндегі қызметтің беделін арттыру, сондай-ақ әскери қызметшілер жұбайларының шығармашылық әлеуетін насихаттау.

Байқауға Шекара қызметінің аумақтық бөлімшелерінен 14 үміткер қатысты. Байқау шартына сәйкес әрбір қатысушы шалғайдағы шекара бөлімшесіндегі отбасы тұрмысының ерекшеліктерін, қызмет жағдайындағы отбасылық өмірдің маңызын бейнеролик арқылы көрсетуі тиіс болды.
Ұсынылған бейнероликтер «shekaraknbkz» Instagram парақшасында жарияланып, онлайн дауыс беру Telegram арнасында өткізілді.
Байқау ҰҚК Шекара қызметі Әскери-патриоттық қызмет басқармасы ұйымдастырған және «Застава Тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігінің қолдауымен өткізілді.
Марапаттау рәсімі Шекара қызметінің Орталық аппаратында салтанатты түрде өткізілді.
«Байқау жоғары деңгейде өткізілді. Арнайы шалғайдағы заставаларда қызмет атқаратын әскери қызметшілердің отбасыларын қолдау өте маңызды. Қатысушылардың шығармашылық әлеуетін, патриоттық рухын және отбасылық құндылықтарды дәріптеуін көргенімізге қуаныштымыз», - деді «Застава Тарландары» РҚБ төрағасының орынбасары, полковник Ж. Мадединов.

Қорытынды нәтижеге сәйкес Шекара қызметі Маңғыстау облысы бойынша департаментінің атынан қатысқан Аружан Кулманбетова бас жүлдені иеленді. Шекара қызметі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті атынан қатысқан Айназым Қабылтай екінші орынды жеңіп алды. Ал Шекара қызметі Павлодар облысы бойынша департаменттің өкілі Маржан Чужаева құрметті үшінші орынға ие болды.
Барлық қатысушы шығармашылық шеберлігімен, шынайы патриоттық рухымен және отбасы құндылығын дәріптей білуімен ерекшеленді.
Мереке қарсаңында барша әйелдерді Халықаралық әйелдер күнімен құттықтай отырып, мемлекеттік шекараны күзетіп жүрген жауынгерлерге сенімді тірек болған аяулы жандарға айрықша ризашылығымызды білдіреміз.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.