Ерлікке толы оқиға Ақмола облысының Бұланды ауданындағы Макинск қаласында болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Кезекшілік кезінде ТЖМ құтқарушылары өрт сөндіру бөлімінің терезесінен жақын маңдағы көпқабатты тұрғын үйдің бесінші қабатынан шыққан жалынды байқап қалған. Әр секундтың маңызды екенін түсінген өрт сөндірушілер ресми шақыруды күтпестен, өз бетінше оқиға орнына жедел аттанды.
Белгілі болғандай, пәтерде тамақтың жануынан өрт шыққан. Екі кәмелетке толмаған бала ересектердің қарауынсыз қалып, плитаның үстіне кастрөл қойып, өздері ұйықтап кеткен. Тамақ күйіп, ашық жалын мен қатты түтіннің пайда болуына себеп болған.
Құтқарушылар өртті жедел түрде қолда бар құралдармен сөндіріп, түтінге толы пәтерден екі баланы қауіпсіз жерге эвакуациялады. Тағы 25 тұрғын қауіпті аймақтан өздігінен шыққан.
«ТЖМ ескертеді: балаларды ешқашан қараусыз қалдырмаңыз! Тұрмыста өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтаңыз — бұл сіз бен жақындарыңыздың өмірін сақтап қалуы мүмкін», - делінген хабарламада.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.