menu
Ұлттық әскери-патриоттық орталықта Халықаралық әйелдер күні мен Наурыз мейрамына арналған «Көктем шақырады» көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Әскери-тарихи музейде «Көктем шақырады» көрмесі ашылды
Фото: gov.kz
106
оқылды

Бұл жолғы экспозицияда Қазақ ұлттық өнер университеті студенттерінің ең үздік жұмыстары ұсынылып отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

– Біз өнерді жастардың бойына патриотизм рухын сіңіретін, әрі қазақтың өзіндік ерекшелігі мен дәстүрлерін дәріптейтін құрал деп қабылдаймыз. Сондықтан біздің музей тек әскери тарих қоры ғана емес, жас таланттарға жол ашатын мәдени орталық та болып отыр, – деді Әскери-тарихи музейдің бастығы Дәулет Қадыров.

Студенттер өз жұмыстарын сурет, графика, мүсін, сценография, қолданбалы өнер және дизайн бағыттарында ұсынған.

– Біз Әскери-тарихи музейге студенттерімізді қолдап, олардың өнерін халыққа көрсету мүмкіндігін бергені үшін шексіз алғыс айтамыз. Бүгінде бұл игі іс-шара дәстүрлі сипатқа ие болды, – дейді Қазақ ұлттық өнер университетінің факультет деканы Арыстан Смағұлов.

Өнер университетінің студенті Дария Дидарқызы көрмеге «Бәйшешек», «Қызғалдақтар», «Бүркітші қыз» және «Құсбегі» деп аталатын төрт жұмысын әкеліп отыр. Ол ұйымдастырушыларға құнды тәжірибе алу мен идея бөлісу мүмкіндігін бергені үшін алғысын білдірді.
Әскери-тарихи музейдің атриумында жүзге жуық жас суретшінің жұмыстары қойылған. Астана тұрғындары мен қонақтары алдағы бір ай бойы көрмемен таныса алады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.