Парламент Сенатында Халық­аралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Онда палата Төрағасы Мәулен Әшімбаев әріптестерін құттықтап, оларға Қазақстанның өсіп-өркендеуіне қос­қан жасампаз үлесі және жо­ғары кәсіби біліктілігі үшін бе­рілген мемлекеттік наградаларды салтанатты түрде тапсырды.
Жаңа Конституция отбасы институтын нығайтады
82
оқылды

Салтанатты рәсім барысында Мәулен Әшімбаев әйелдердің мемлекеттілікті нығайтуға және елдің дамуына қосқан елеулі үлесін ерекше атап өтті. Сондай-ақ ол қазір әйелдердің рөлі отбасымен ғана шектелмейтінін, олар елдегі қоғамдық-саяси үдерістердің маңызды қозғаушы күшіне айналғанын айтты. Сенат Төрағасы мұндай сапалы өзгерістер Мемлекет бас­шысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар мен жүйелі қолдаудың нақты нәтижесі екенін де тілге тиек етті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен соңғы жылдарда елімізде ауқымды жаңғыртулар жүзеге асырылып келеді. Сол өзгерістердің дәйекті жалғасы ретінде конституциялық реформа қолға алынды. Бұл шешім еліміз үшін тарихи қадам болды. Конституциялық реформаның стратегиялық мақсаты – Әділетті, демократиялық, әлеуметтік, инно­вациялық және прогрессивті Қазақстан құру. Осы ретте отбасы институтын нығай­туға, ұлттық құндылықтарды қорғап дәріптеуге, аға буынға қамқорлық көрсетуге бағытталған жаңа конституциялық норма­лардың маңызы айрықша зор. Жаңа Кон­ституция жобасы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, олардың қо­ғамдық, кәсіби және саяси өмірге белсенді қатысуына жол ашу, сондай-ақ өз әлеуетін жан-жақты жүзеге асыруына жағдай жасау тұрғысынан да ерекше мәнге ие», – деді Мәулен Әшімбаев.

Мәулен Әшімбаев депутаттардың кәсіби білікті­лігі мен Сенат аппараты қызметкер­лерінің жүйелі әрі жауапты жұмысының арқасында палатаның қызметі тұрақты әрі тиімді жүр­гізіліп отырғанын айтты. Палата Төрағасы әріптестеріне өз ісіне адалдықтың озық үлгісін көрсетіп келе жатқаны үшін алғыс білдіріп, оларға зор денсаулық, бақ-береке және жаңа жеңістер мен жетістіктер тіледі.