Бүгінде ұрпақ тәрбиелеумен шектеліп ғана қалмай, әр саланың тасын өрге домалатып жүрген аруларымыз аз емес. Әсіресе, билік баспалдағында бедел биігінен көрінген бұрымдыларымыздың саны артуда. Шұғылалы көктемнің шырайлы 8 наурыз мерекесі қарсаңында осы билік мінберінде жүрген әулиеаталық әкім әйелдер хақында сөз етпекпіз.
Көне шаһарды көркейткен Қарлығаш
Былтыр Тараз қаласының көкжиегі кеңейіп, жаңадан екі аудан құрылғаны белгілі. Жаңа аумақтың тірлігін тіктеп, жұмысын жүйелеу кімге болса да оңайға соқпасы анық. Бұл тек өз ісін жетік білетін білікті мамандардың ғана қолынан келеді. Осыны жете түсінген Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы Жібек жолы ауданының тізгінін бұған дейін де іскерлігімен танылған Қарлығаш Аралбековаға сеніп тапсырды. Еңбек жолын Алматы қаласындағы ASIC жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің менеджері болып бастаған Қарлығаш Әмірқызы әр жылдары «АТФ Банк» акционерлік қоғамының бас маманы, басқарма бастығы, «Альянс Банкі» акционерлік қоғамының басқарма басшысы, Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының директоры, облыстық Кәсіпкерлік пен индустриалды-инновациялық дамыту және туризм басқармаларының басшысы, Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің басқарма басшысы, Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы секілді мемлекеттік қызметтің түрлі сатысынан өтіп, еңбек майданында әбден шыңдалды.
Қазір ол осынау мол тәжірибесін Жібек жолы ауданын көркейтуге жұмсап келеді. Соның нәтижесінде аудан дамудың жаңа кезеңіне қадам басуда.
– Былтыр қала әкімнің қолдауымен аудан аумағында ауқымды жұмыстар атқарылды. Биыл да бірқатар жарқын жобаны жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Атап айтсақ, биыл 42 көшені жөндеуден өткізу, ұзындығы 23 шақырымға жуық 35 көшені жарықтандыру, 8 балалар ойын алаңшасын салу, 31 қоқыс алаңшасын жаңғырту, 78 аялдаманы жаңарту секілді ілкімді істер қолға алынады. Бұл жұмыстардың барлығы жоспарға сай, кезең-кезеңімен іске асырылады, – дейді Қарлығаш Әмірқызы.
Иә, қаладағы қырық қатпар тірліктің қыбын табу оңай шаруа емес. Бұл орайда бұқараның көкейіндегісіне құлақ түріп, күрмеуі қиын мәселелардің тамырынан тап басып, түйінін тарқатып жүрген Қарлығаштай әкімнің еңбегі көпке үлгі.
Ақбастаудың ажарын ашқан Нұрсұлу
Бүгінде Жамбыл ауданы, Ақбастау ауылдық округінің тізгінін ұстаған Нұрсұлу Дүзееваның да есімі елге сыйлы. Еңбек жолында «Берік» шаруа қожалығының есепшісі, Ақбастау ауылдық округі әкімдігінің бас маманы-әскери есеп жүргізушісі, салық агенті секілді қызметтерді атқарған Нұрсұлу Лутфуллақызы аталған округті 2012 жылдан бері басқарып келеді.
Құрамына Бірлесу-Еңбек және Шоқай ауылдары кіретін округте осыдан 20 шақты жыл бұрын тұрғындарды толғандырған маңызды мәселелер шаш етектен болған. Ауыл балаларының мектепке көктем мен күздің лайсаң күндерінде белуардан батпақ кешіп баратын сәттері де аз болмаған. Міне, осы ауылға іскер басшы Нұрсұлу Дүзеева әкім болып тағайындалғалы талай тірліктің тамырына қан жүгіріп, қаншама түйткілдің түйіні тарқатылды. Округтегі 7 көшеге тегіс асфальт төселіп, оқушылардың сабаққа барып-қайтуы жеңілдеді. Сондай-ақ Шоқай ауылының кіреберісінен жаңа мектепке барар жол салынып, Бірлесу-Еңбек ауылының Жапарбеков, Сәтбаев, Абай көшелері толығымен жарықтандырылды. Округтегі игі істер тек мұнымен шектелмей, екі ауылға да газ құбыры мен ауызсу жүйесі тартылып, қазір тұрғындар көгілдір отынның қызығын көріп келеді.
– Қазір ауылымызда жұмыссыздықпен күрес жүйелі жүруде. Бұл бойынша ел болашағы – жастармен тікелей жұмыс істейміз. Ауылымызда 241 жас нақты жұмыс атқарып жүрсе, 137 жас өзін-өзі жұмыспен қамтыған. 12 жас азамат кәсіпкерлікті жолға қойды. Сондай-ақ округ іргесіндегі «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде Бірлесу-Еңбек ауылынан – 113, Шоқай ауылынан 8 адам еңбек етеді. Аталған зауыт басшыларының қолдауымен Бірлесу-Еңбек ауылындағы үлкен футбол алаңының сырты қоршалып, кіреберіске арка тұрғызылып, Жапарбеков, Есімов көшелеріне шағал төселді. Сонымен қатар «КнауфГипсТараз» компаниясы тарапынан округке қарасты екі ауылға да кіші футбол алаңы салынып, мешіт жанынан асхана құрылысы жүргізілді, – дейді округ әкімі.
2021 және 2025 жылдары өткен округ әкімдерін тікелей сайлау кезінде Нұрсұлу Лутфуллақызы ең көп дауыс жинап, тұрғындардың қолдауына ие болды. Бұл білікті басшыға деген халық сенімінің айқын көрінісі екені анық.
Көпке үлгі болған Күлжахан
Қордай ауданындағы Қарасай ауылдық округінің әкімі Күлжахан Елемесованың да іскерлігі мен тиянақтылығы алдыңғы екі әріптесінен еш кем емес. 2018 жылдан бері аталған округті басқарып келе жатқан Күлжахан Алмасқызының талап қоя білетін табандылығы – бүгінде баршаға үлгі. Осындай нағыз басшыға тән игі қасиеттерінің арқасында кейіпкеріміз 2023 жылы мемлекеттік қызметшінің оң имиджін қалыптастыру және нығайтуға бағытталған дәстүрлі «Үздік ауыл әкімі» республикалық конкурсының жеңімпазы атанды. Әлбетте, бұл марапатқа дәл Күлжаханның лайық деп танылуы кездейсоқтық емес. Себебі оның басшылығымен ауылдық округтің 118 гектар жер теліміне алма бағын интенсивті суару жүйесімен өсіру бойынша инвестиция тартылып, спорт-сауықтыру орталығын салу, мектеп пен жолдарды жөндеу сияқты бірқатар әлеуметтік маңызды жобалар іске асырылған.
– Алғашында өз ауылыма әкім болу оңайырақ болар деп ойлағанмын. Әсте олай болмай шықты. Дегенмен бұл жауапкершілігі мол қызметке өз ауылыма деген сүйіспеншілік алып келді десем, қателеспеймін.
Аудан орталығынан 119 шақырым қашықтықта орналасқан ауылдық округтің аумағы 24 мың гектарды құрайды. Оған Қарасай батыр және Еңбекші ауылдары кіреді. Округте бүгінде 12 ұлт өкілінен құралған 4 мыңнан астам адам тату-тәтті тұрмыс кешіп келеді. Ауылда мемлекеттік бағдарламалардың қолдауымен көптеген жұмыс атқарылуда. Айталық, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында округтің ауылішілік жолдары және қиылыстары толықтай орташа жөндеуден өтті. Салауатты өмір салтын дамыту мақсатымен екі ауылда да шағын футбол алаңшалары салынып, спорттық сауықтыру кешені пайдалануға берілді, – дейді Күлжахан Алмасқызы.
Округ басшысы ауыл белсенділерімен бірге игерілмей жатқан егістік жерлері бар шаруа қожалығының иелерімен келісіп, үш қожалықтың 160 гектар жерінде «Азия сад» серіктестігінің құрылуына және бақты суару мәселесін шешуге тікелей ықпал еткен. Осылайша, ол жақта бүгінде 118 гектар жерге тамшылатып суару жүйесімен интенсивті алма бағы өсірілуде. Бұл бақтың ерекшелігі – ағаштарға зиянкестердің, бұршақтардың кіруіне жол бермеу үшін оған тіректер орнатылған. Ауылдық округтің климаттық жағдайы бау-бақша өсіруге қолайлы. Бүгінде «Азия сад» серіктестігі 30 адамды тұрақты, 300 адамды маусымдық жұмыспен қамтуда. Компанияның жылдық кірісі де күн санап артып келеді. Алдағы уақытта өнімнің көлемі мен сапасын ұлғайтып, алманы шетелге экспорттау көзделіп отыр.
Абырой асқарындағы Ақсана
Ауыл тұрғындарының тұрмысын түзеп, әл-ауқатын арттыруға күш салып жүрген нәзік жанның бірі – Мойынқұм ауданына қарасты Жамбыл ауылдық округінің әкімі Ақсана Қалыбаева.
Ақсана Жамбылқызы бұл қызметке 2023 жылы келді. Оған дейін Шу, Мойынқұм аудандарының білім, ішкі саясат бөлімдерінің тізгінін ұстап, мемлекеттік қызметтің қазанында қайнап, қарым-қабілетін жан-жақты шыңдады. Соның нәтижесінде қазір жамбылдықтардың ыстық ықыласына ие. Бұл сөзімізге округ әкімі тарапынан жүзеге асқан жемісті жұмыстар дәлел. Басқасын былай қойғанда, 1 300-ден аса тұрғыны бар елді мекенде соңғы 6 жылда бірде-бір қылмыс тіркелмепті.
– Ауылымызда соңғы 6 жылдың бедерінде бірде-бір қылмыс жасалған жоқ. Пробациялық есепке де ешқандай азамат алынбады. Себебі тәртіп сақшыларымен бірге жастармен жүйелі жұмыс істеп, жиі рейд шараларын жүргіземіз. Нәтижесінде, жастарымыз теріс тірліктен аулақ болып, ауылымызды дамыту жолында жұмыла еңбек етіп жүр. Мәселен, олар өздері қаржы жинап, мешіт жанынан қатымхана салып берді. Одан бөлек, ауылда бос тұрған ғимаратты жөндеп, күрес және бокспен шұғылданатын зал ашты. Осындай озық ойлы жастарымыздың болғаны – біз үшін мақтаныш, – дейді Ақсана Жамбылқызы.
P.S.
Әрине, бұл жауапкершілік жүгін арқалап, халық артқан сенімді ақтап жүрген нәзікжанды әкімдердің бір парасы ғана. Бұл қатарда Жуалы ауданы Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы, Меркі ауданындағы Аспара ауылдық округінің тірлігін тіктеген Гаухар Оспанбекова сынды мемлекеттік қызметтің биік мінберіне көтерілген майталман мамандар да бар. Аталған ауыл әкімдерінің бағасын алдағы уақыт пен көзіқарақты жұртшылық беріп жатар. Ал біз өз тарапымыздан ел игілігі жолында атқа қонып, тізгін ұстаған әулиеаталық ару әкімдерімізге тек толайым табыс пен жемісті жұмыс тілейміз!
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы