Бұл кеңістікте, әсіресе, әйел коучтардың белсенділігі көзге түседі. Біреуге олар – шабыт көзі, екіншілерге – күмәнді құбылыс болса, келесілер үшін коучинг табыс пен мансап. Біз тақырып аясында ICF Kazakhstan Charter Chapter бөлімшесінің Этика және сертификация бағыты бойынша директоры, лингвокоуч Назгүл Күнбатыровамен сұхбаттасқан едік.
Кәсіби коуч аз сөйлеп, көп тыңдайды
– Оқырмандарымызға өзіңізді үш сөзбен таныстырып, сипаттап берсеңіз? Коучинг саласына қалай келдіңіз және нақты қандай бағытта, қандай мақсатта жұмыс істеп жатырсыз? Жалпы, өзіңізді өзгертуге не түрткі болды?
– Мен өзімді сабырлы, мақсат қоя білемін және батылмын дер едім. Коучингке HR (адам ресурстары) бөліміндегі оқыту және дамыту саласында корпоративтік тренер болып жұмыс істеп жүрген кезде келдім. Басшылар мен менеджерлерге стресс-менеджмент, көшбасшылық, персоналды басқару, кроус-мәдени коммуникация және көпшілік алдында сөйлеу тақырыбы бойынша үш тілде бизнес тренингтер өткіздім. Коучингпен сол кезде таныстым. Жұмыс барысында адамдардың оқуға әртүрлі мақсатпен келетінін байқадым. Біреулер қызығушылықпен келсе, біреулер компания тарапынан тренинг тағайындалғаннан кейін амал жоқ қатысатын. Сол кезде қатысушыларды белсенді тартуға, оларды сабаққа белсенді түрде қосуға, олардың мотивациясын сақтауға және өз дамуына жауапкершілік алуға көмектесетін әдістерді іздей бастадым. Бұл тәсіл менің жұмыс стилімді өзгертті. Мен көбірек тыңдап үйрендім. Сұрақ қою арқылы адамдарға өз шешімдерін табуға және жеке даму жоспарын құруға көмектесетін болдым. Коучингке дейін тренингтерде өзім көбірек сөйлеп, ақыл айтып кететін кездерім болды, көбірек білім беруге тырысатынмын, өз ойымды көбірек айтатынмын.
Қазір көшбасшылық коуч, тілдік (лингво) коуч бағытын дамытып, адамдарға тіл үйретуге коучинг тәсіл арқылы көмектесіп жатырмын. Коучингте аз сөйлеп, көп тыңдауды үйрендім. Бұл тақырыпта орыс тілінде кітабым бар, ол қазақ тіліне аударылып жатыр. Коучингті ең алдымен өзімнің жеке өмірімді өзгерту үшін және шет тілдерді үйрену үшін таңдадым. Өзім полиглотпын, шет тілдерде сөйлеймін. Қазақ тіліндегі коучингті дамыту бағытында жұмыс істеймін. Коучинг менің жеке тұлғалық дамуыма әсер етті, шешім қабылдауда саналы болуды, өз әрекетім үшін жауапкершілік алуды үйретті. Басқарушылық, коммуникациялық және ойлау дағдыларымды, адамдармен тіл табысу қабілетімді өзгертті. Адамдарды ортақ бір идея төңірегінде біріктіруге, жаңа жобалар бастауыма түрткі болды. 5 жылдан бері ICF International Coaching Federation Қазақстандағы бөлімшесі ICF Kazakhstan Charter Chapter құрамында волонтер ретінде қызмет атқарамын және көшбасшымын, сертификаттау және этика бойынша директормын. Бүгінде бұл кәсіби коммерциялық емес қауымдастық, Қазақстанда коучинг мәдениетін дамытуға зор үлес қосып келеді. Әлемнің 17 елінен келген 120-дан астам коучты біріктіріп отыр.
– Коучқа ең көп жүгінетін аудитория қандай және ең көп қойылатын сұрақ не? Соңғы жылдары коучингке деген сұраныстың өсуі немен байланысты деп ойлайсыз?
– Коучқа ең көп жүгінетін аудитория кәсіби даму мен өмірлік бағыттарын қайта қарастырып жүрген адамдар. Менеджер, сарапшылар, кәсіпкерлер, өмірінде өзгеріс кезеңінде тұрған адамдар, жаңа қызметке түсіп отырған адамдар, мансап ауысуы, жеке мақсаттарды қайта қарастыру жолындағы адамдар келеді. Ең жиі қойылатын сұрақ адамның мақсаты мен бағытына байланысты, мақсатты қайта қарау және жаңа кәсіби бағыт табу, мағына мен құндылықтарға сәйкес өмір сүру, эмоциялық тұрақтылық және өзгерістерге бейімделу, жеке икемділік пен фокус, көшбасшылық дағдыларын дамыту бойынша сұрақтар қойылады.
Коучингке деген сұраныстың артуы бірнеше факторға байланысты деп ойлаймын. Біріншіден, қазіргі әлемде өзгерістер өте жылдам жүріп жатыр. Сондықтан адамдарға өз шешімдерін саналы түрде қабылдауға көмектесетін әріптестік серіктестік қажет. Екіншіден, психологиялық саулық пен өзін-өзі дамыту тақырыбы қоғамда ашық талқылана бастады. Үшіншіден, ұйымдарда коучингті көшбасшылар мен командалардың дамуына тиімді құрал ретінде қолдана бастады.
Коучинг психологиялық травманы емдеуге арналмаған
– Қазір жиі айтыла бастаған бала кездегі травма деген не? Ондай түсінік адамда қалай пайда болады және ересек өмірге әсері қандай?
– Психологиялық травма деп алсақ, қалай қарар едіңіз. Бала кездегі психологиялық травма деген не? Ол баланың психикасында қауіпсіздік сезімін бұзатын немесе ұзақ стресс туғызатын ауыр тәжірибенің әсері деп айтуға болады. Бұл бірреттік ауыр оқиға болуы да мүмкін. Мысалға, зорлық-зомбылық немесе бір апат мәселесі, ұзақ уақытқа созылған қысым мен немқұрайлылық жағдай, мұндай жағдайларда бала өз-өзін қорғансыз, жалғыз немесе қорқынышта сезінуі мүмкін. Бұл тәжірибе кейін оның өмірге, адамға деген сеніміне тікелей әсер етеді.
Ересек өмірде мұндай тәжірибе кейде қарым-қатынасқа, эмоцияларды реттеуге немесе өзіне деген сенімге ықпал етуі мүмкін. Бірақ, әр адамның реакциясы әртүрлі және көптеген адам уақыт өте келе қолдау арқылы бұл тәжірибені еңсеріп, жаңа ресурстар таба алады. Бұл жердегі ең маңызды нәрсе коучингті ажыратып алу керек. Бала травмасы мен коучингтің ортасында қандай қарым-қатынас бар. Негізі, коучинг кішкентай баламен жұмыс жасамайды, коучинг ересек адамдармен жұмыс жасайды. Коучинг Андрагогика бағытындағы даму стилі десек болады. Ол психологиялық травманы емдеуге арналмаған. Мұны нақты айту керек және адам, қоғам мұны есте сақтауы керек.
Коучинг көбіне мақсаттармен, болашақ әрекеттермен жұмыс істейді. Егер әңгіме терең травмалық тәжірибеге қатысты болса, коучтің кәсіби міндеті – оны терапия ретінде талдамауы керек, коучинг сессияны терапиялық сессияға айналдырып жібермеуі керек. Қажет жағдайда психолог немесе психотерапевке бағыттау керек және этикаға, халықаралық стандартты нормаларға сәйкес кәсіби шебер маман алдына келіп отырған адам травмада отыр ма, білуі керек. Бұл бағыттағы коучтың психологиялық терең білімі, психотерапия бағытында дипломы, тәжірибесі бар маман болса, алдында отырған адамға коуч құралы арқылы емес, терапия құралы арқылы жағдайды дұрыс жеткізе білуі керек.
Соңғы жылдары адамдар «менде травма бар» деп жиі айтып кетті. Бұл енді психикалық денсаулық туралы ашық сөйлесудің артқанын көрсетеді. Әлеуметтік желіде оны байқап, көріп отырған шығарсыздар. Бірақ, кейде психологиялық терминдер күнделікті тілде жеңіл қолданылып кетуі мүмкін. Сондықтан оған атүсті қарамау керек, бүкіл нәрсеге белдік тағып қоймау керек, мынау травма деп. Травма ұғымын кәсіби тұрғыдан дұрыс түсіну маңызды және оны ажырата білу керек.
Коучинг негізі клиент пен серіктестікке бағытталған шығармашылық және ойлануға бағытталған процесс. Ол адамның өз әлеуетін ашуға және жеке кәсіби мақсаттарына жетуіне көмектеседі. Яғни, коуч кеңес бермейді, дайын шешім ұсынбайды. Коуч клиентке сұрақтар, тыңдау және рефлексия арқылы өзінің жауаптарын табуына көмектеседі.
Лао-Цзы деген қытай ойшылы «Мың шақырымдық жол, бір қадамнан басталады», дейді. Бұл тұжырым коучинг философиясымен үндеседі деп айтуға болады. Коуч клиентке өз жолын өзі табуға, мақсатқа барар алғашқы қадамды анықтауға бағыттайды.
– Бақытты әйел және бақытты отбасының формуласы бар ма? Қазіргі қазақ әйелінің басты психологиялық мәселесі не деп ойлайсыз?
– Бұл – қызық сұрақ. Мен коуч ретінде бейтарап жауап беруге тырысайын. Менің ойымша, бақытты әйел мен бақытты отбасының бір ғана формуласы жоқ. Қазақ қыз бала тұрмыс құрғанда «бақытты боламын емес, бақытты қыламын деп бар» дейді. Осы сөздің астарында үлкен мән жатыр деп ойлаймын. Яғни, отбасын құру тек қыз баланың емес, ер азаматтың да ішкі дайындығын талап ететін жауапты қадам. Менің түсінігімде адам алдымен өзі жеке тұлға ретінде өсіп, өзімен жұмыс жасап, өз құндылықтарын түсініп алғаны маңызды. Қоғамда кейде «қыз отырып қалмасын», «жігіт отырып қалмасын» деген үрей бар. Осындай әлеуметтік қысым жастарды кейде асығыс шешім қабылдауға итермелеуі мүмкін. Сондықтан жас адам, ең алдымен, өзіне «мен қандай адаммын», «өмірде нені қалаймын», «қоғамға қандай үлес қосқым келеді» деген сұрақтарға жауап тауып алғаны өте маңызды. Сол кезде отбасын құру да, бірін-бірін түсіну де әлдеқайда жеңіл болады. Өзгені түсіну интеллектінің белгісі болса, ал өзіңді түсіну даналықтың белгісі. Егер екі адам өзін де, бір-бірін де түсініп барып отбасын құрса, онда қарым-қатынастағы үйлесім табиғи түрде қалыптасады.
Қазіргі қазақ әйелінің психологиялық мәселесі туралы айтқанда, мен бір ғана ортақ мәселені бөліп айту қиын деп ойлаймын. Өйткені әйелдердің өмір жолы әртүрлі, адамдар әртүрлі, әйелдер де әртүрлі. Білім мен ғылымда жүрген әйелдер бар, медицина саласында еңбек етіп жүрген әйелдер, кәсіпкер әйелдер, отбасын құрып, бала тәрбиелеп отырған аналар қанша, жаңа өмір жолын іздеп жүрген қыз балалар бар, әрқайсының өмірлік кезеңіне байланысты психологиялық сұрақтары мен міндеттері болады. Дегенмен жалпы үрдіске қарайтын болсақ, бүгінгі қазақ әйелі өте белсенді, батыл және білімге, дамуға ұмтылатын жандар. Қазақта «әйел бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бар. Қазіргі қазақ әйелдері тек өздерін дамытуға ғана емес, өз отбасын және қоғамды дамытуға да үлкен үлес қосып жүрген жандар.
– Әйел үшін ақша мен руханият тепе-теңдігінің маңыздылығы қандай? Жеке бренд деген не және ол не үшін қажет? Әйелдің ішкі сенімділігін арттыру үшін қандай нақты 3 қадам ұсынар едіңіз?
– Бұл жерде тепе-теңдік өте маңызды. Руханият адамға ішкі тірек береді, мән-мағына және құндылықтарды дұрыс түсінуге, өз құндылықтарын тауып алуға көмектеседі. Ал қаржылық тұрақтылық еркіндік пен таңдау мүмкіндігін береді. Әрине, егер осы екеуі үйлесімді болса, адам өмірін саналы түрде құра алады. Бірі екіншісіне қарсы емес, қарама-қайшы келмейді, керісінше, бір-бірін толықтырып тұратын екі маңызды ресурс деп айтуға болады. Ал әйелдің жеке бренді ол қоғамдағы кәсіби бейнесі, құндылықтары, тәжірибесі және адамдарға қандай пайда әкелетіні туралы бір түсінік.
Бүгінгі заманда жеке бренд тек танымал болу үшін емес, сенім қалыптастыру үшін керек. Адам өзінің кім екенін, не және қандай құндылықтар ұстанатынын анық көрсеткен кезде адамдармен кәсіби байланыс орнату да жеңіл болады. Сондықтан әр уақытта білім алу, тәжірибе жинау, танысу, сөйлесу, адамдарға табиғи сенім қалыптастыруда ерінбеу керек. Бұл әрекеттердің өзегінде өзіне деген сенім жатуы керек. Сенім – ішкі күш.
Шаңырақты шайқалтпауға болады
– Елімізде ажырасу мәселесі қазір қатты ушығып кетті. Жалпы, отбасы құндылығының құлдырауына коучтарды кінәлап жатады. Бұл көзқарасқа сіздің уәжіңіз қандай? Бұл мәселеде коучтың рөлі бар ма? Жалпы, ажырасу қазақ ұғымында қателік десек, негізгі қателік не деп ойлайсыз?
– Бұл мәселеде коуч адамның орнына шешім қабылдамайтынын және не істеу керек екенін айтпайтынын нақтылап айтқым келеді. Ажырасу сияқты үлкен шешімді коучқа келген клиент өзі қабылдайды. Кейде қоғамда коучтарды отбасы құндылықтарының әлсіреуіне себепкер ретінде көрсететін пікірлер кездеседі. Бірақ тәжірибеде жағдай әлдеқайда күрделі деп айтуға болады. Мәселен, коучингте адам өміріндегі маңызды құндылықтарды, қарым-қатынастағы мағынаны, өзара түсінікті зерттеуге бағытталған әңгімелер болады.
Әрине, кез келген сала сияқты коучингте кәсіби деңгей маңызды. Коуч өзінің жеке пікірін немесе кеңесін бермейді. Ол көбіне өзінің байқағандарымен бөлісіп, адамның саналы түрде ойлануына көмектесетін сұрақтар қояды. Ол сұрақтар адамның өз құндылықтарын, шешімдерін, жауапкершілігін түсінуіне бағытталады. Сондықтан коучтың халықаралық стандарттар мен этикалық қағидаларды сақтауы өте маңызды. Отбасы – екі адамның жауапкершілігі мен ішкі дайындығын талап ететін маңызды одақ. Осы одақтың ішінде екі адам бірін-бірі дұрыс ести білсе, сыйласа, бір-бірін құрметтесе, шаңырақты шайқалтпауға болады.
– Әйел мен ер адамның рөлдері туралы көзқарасыңыз қандай? Сіздіңше, қарым-қатынаста жиі жіберілетін қателік не?
– Дәстүрлі қазақ түсінігінде ер адамды аңшы, яғни асыраушы, әйелді үйдің ұйытқысы, берекесі деп сипаттап келген. «Ер – түздің иесі, әйел – үйдің киесі» деген ұғым бар. Ер адам сыртқы тыныштықты, әйел үйдің ішкі үйлесімін сақтайды деген түсінік қалыптасқан. Бірақ қазіргі заманда өмір жағдайлары әртүрлі болып тұр. Әйелдер қазір қоғамда мансап құрып, белсенді қызмет атқарады. Кей жағдайда ерлер де бала күтіміне байланысты декреттік демалыс алып, үй шаруасына жауап беруі мүмкін. Сондықтан қазіргі отбасында рөлдер кейде өзгеріп отыруы заңдылық. Қазіргі заман адамдардан сөйлесу, түсінісу, икемді бола алу технологиясын меңгеруді талап етеді.
– Уақытты тиімді басқарудың жеке әдісі бар ма? Сіз өз уақытыңызды қалай басқарасыз?
– Уақыт – ең қымбат ресурс. Сондықтан уақытты басқару үшін мен күн сайын өзіме бірнеше сұрақ қоямын. Бұл сананы оята беру үшін керек және күн сайын сананы ояту маңызды, сана сергек болу керек. Оған сұрақ көмектеседі.
Соңғы кездері қалыптастырып жүрген дағдым – «жоқ» деп айта алу. Өйткені басты приоритет – уақыт пен энергия. Сондықтан қазір әрбір жобаны, әр серіктестікті саналы түрде таңдауға тырысамын. Тыныштықта, табиғатта серуендеуге, ойлануға, ең бастысы, өзіме шамадан тыс талап қоймауға, өзіме жанашырлықпен қарауға тырысамын. Йогамен айналысамын, ол ішкі тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі. Шығармашылық хоббиім бар. Түрлі тілде әндерге кавер жазамын, жақында өзімнің авторлық өлеңім де жарық көрді. Осындай шығармашылық пен қозғалыс маған күш жинауға және жаңа энергия табуға көмектеседі.
Сенім дағдарысына жеткізбеу маңызды
– Коучтарға сын көп айтылады, тіпті алаяқтар деп жататындар да бар. Сіз сын мен хейтке қалай қарайсыз? Өзіңізге сын айтылған кездер болды ма? Ал алаяқ, сауатсыз коучтар, психологтар туралы не айтар едіңіз? Олар бар ғой, оларды сауатты мамандардан қалай ажыратуға болады?
– Кез келген жаңа немесе қоғамға әлі түсінікті болмаған мамандыққа сын айтылуы қалыпты жағдай деп ойлаймын. Мен коучинг саласында жеті жылға жуық уақыттан бері дамып келемін. Осы тәжірибемде клиенттерімнен теріс пікір естіген емеспін. Өйткені көбіне адамдар коучингке ұсыныс арқылы, нұсқау арқылы, кәсіби сертификациясы бар болғаны үшін іздеп келеді. Әрине, бастапқы жылдары интернетте байқағаным бар, ютуб бейнелердің астында «осы коучтар кімдер өздері» деген сияқты күмәнді пікірлер жазылғанын көрген кездерім болды, оны жазған адамдарды түсінуге болады. Өйткені коучингтің мәнін адам өзінің тәжірибесі арқылы ғана түсінеді. Оны теорияны оқып алып түсінемін деген қиын. Дегенмен коучинг процесінен өткенде немесе бұл туралы кәсіби деңгейде танысқанда, оған деген көзқарас әдетте өзгереді.
Адамның білімі мен кәсіби дайындығына назар аудару арқылы шынайы маманды тануға болады. Коучты таңдаған кезде жауапкершілік кімнің мойнында, кім таңдады, ол коучпен жұмыс жасауды кім шешті деген сұрақ өзекті. Сондықтан қызмет ұсынып отырған адамға емес, өзіміздің мойнымызға да тұтынушы ретінде алуға тиіс жауапкершілік бар. Тұтынушы өз құқығын білмеуінің, кәсіби коуч талаптарын ескермеуінің салдарынан алданып қалып жатады.
– Қазіргі уақытта «Коучинг қызметі» кәсіби стандарты және «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң қолданысқа енгізіліп жатыр. Бұл құқықтық бақылау коуч қызметіне қалай әсер етеді?
– «Коучинг қызметі (коуч)» кәсіби стандартының мақсаты – коучинг қызметтерінің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мамандыққа деген қоғамдық сенімді нығайту және елімізде білім беру бағдарламаларын дамыту мен коучтарды сертификаттаудың негізін қалыптастыру.
Бірыңғай стандарт коуч мамандығы туралы бірыңғай түсінік қалыптастырады: коуч қандай функцияларды атқарады, қандай құзыреттерге ие болуға тиіс және қандай этикалық нормаларды ұстануы қажет екенін айқындайды. Бұл өз кезегінде коучинг нарығын мамандар үшін де, клиенттер үшін де анағұрлым ашық әрі түсінікті етеді. Кәсіптердің ұлттық жіктеуішіне коучинг саласына қатысты 9 кәсіби карта енгізілді. Ресми түрде стандарт әр үш жыл сайын жаңартылып, толықтырылуы мүмкін. Осы стандартты әзірлеушілердің бірі – ICF Kazakhstan Charter Chapter бөлімшесі. Сонымен қатар Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң қызмет көрсету кезінде жауапкершілікті күшейтіп, клиенттердің құқықтарын қорғауға ықпал етеді.
– Ал коучинг қызметін мемлекеттік реттеу мәселесіне қатысты айтар болсақ, негізгі стандарттар қалай қалыптасады?
– Кәсіби стандарт салалық сарапшылардың, кәсіби қауымдастықтардың және мемлекеттік органдардың қатысуымен қалыптастырылады. Ол мамандықтың негізгі функцияларын және қажетті құзыреттерін сипаттайды. Аталған стандарт ICF Kazakhstan бөлімшесінің жұмыс тобы және басқа да кәсіби қауымдастықтардың өкілдері тарапынан әзірленді. Бұл ұйымдар кәсіби стандарттың өзінде көрсетілген.
Ал халықаралық ұйымдар, мысалы International Coaching Federation (ICF) өздері тікелей оқытумен айналыспайды. Олар коучинг мамандығының құзыреттерін әзірлейді, білім беру бағдарламаларын аккредиттейді және мамандарды тәуелсіз түрде сертификаттайды.
– Оқырманға, аяулы аналарымыз бен ару қыздарымызға, сұлу келіншектерге 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мейрамы қарсаңында қандай тілек айтар едіңіз...
– Құрметті аналар, ару қыздар аналар мерекесі, әйелдер мерекесі қарсаңында сіздерге аманшылық, денсаулық, жүрек тыныштығын тілеймін! Әр әйел өз өмірінде бақытты, қадірлі және қажет екенін сезінсін деп тілеймін. Махаббатқа, қуанышқа, сыйластыққа және жылы сәттерге толы өмір тілеймін! Мерекеміз құтты болсын, құрметті ханымдар!
– Сізге де 8 наурыз мейрамы құтты болсын! Бақытты сәттеріңіз көп болсын!
Сұхбаттасқан
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ