Бұрын 8 наурыз мерекесінің символы – мимоза гүлі саналса, бүгінде мерекені тойлайтын елдер үшін Әйелдер күнінің символы – қызғалдақ.
Қызғалдақ гүл, қызғалдақ қыз құлпырған...
157
оқылды

Наурыз келсе, қызғалдақ гүліне деген сұраныстың артатыны – анық жайт. Дегенмен флористика саласы жыл сайын түрленіп, қыз-келіншектерді қуантудың түрлі жолы жұртты таңғалдырып келеді. Біз де сол жаңалықтан қалыс қалмай, гүл дүкендерін аралап қайттық.

Биыл қызғалдақпен қатар, экзотикалық гүлдерге сұраныс артқан. Мәселен, ранункулюс, момоко, пиона тектес қызғалдақ, гортензия, эустома сынды гүлдер жастар үшін ерекше бағалы, бағасы да қымбатқа түседі, себебі мұның бәрі шетелден келеді. Астанадан туған жерімізде өскен қызғалдақты табу да оңай бол­мады. Отызға жуық гүл дүкеніне хабарласып, ақыры Qyz-Zhibek гүл дүкенінен отандық өнімнің барын білдік. Дүкен иесі де қара­пайым, отандық кәсіпке жана­шыр­лықпен қарайтын жан екен. Кәсіпкер Гүлжамал Сәулетқан қызғалдақты Алматыдан алды­рамыз деп қуантып қойды. Дүкен ішінде сапырылысқан қалың адам, жұмыс қызу жүріп жатқаны көрініп-ақ тұр. Соған қарамастан, сала шеберлерін әңгімеге тарт­тық.

– Гүлді Голландия, Эквадор, Колу­мбия, Кения, Өзбекстаннан алдырамыз, қазір Қытайдан да келе бастады, биыл қызғалдақ­тарды Алматыдан алдырттық. Алда отандық кәсіпті дамытып, Алматыдан жылыжай салсақ деген жоспар бар. Елдің оңтүс­тігінде гүл өсіру кәсібін дамытсақ, бәрімізге де тиімді болмақ. Тауарымыздың 40 пайызын отан­дық өнім десек болады, соның өзі жетпей жатыр. Өзімізден алсақ, шетелдің гүліне жоламас едік, – дейді Гүлжамал ханым.

Қазір әлеуметтік желіде им­порттық гүлдерге қатысты қызу талқы болып жатыр, көбі гүлдерді иіскеуге болмайды дейді, себебі шетелден келетін гүлдердің құ­рамында аллергия тудыратын химиялық қоспалар бар екен. Бұл жөнінде 30 жылдық тәжірибесі бар флорист Руслан Жиенбай­ұлынан сұрап білдік. 

– Шетелден келген гүлдерді сабағы жуан, ұзын, сәнді және ұзақ уақыт сақтау үшін түрлі хи­мия­лық қоспамен өсі­реді. Өзіміз­дің гүлдер табиғи, оларға химия қоспайды, сондықтан көлемі кішкентай бо­лады. Кейбір адам­­дар­да аллергия бол­маса, импорт­тық гүлдің адам денсаулығына аса зияны жоқ. Лилия деген экзо­тикалық гүл­дің бір сортында өзіне тән өткір иісі бо­лады, көп адамда лилия гүлі­нен аллергия бар, осы­ны ескеру керек, – дей­ді ол. 

Маманның айтуынша, ақ, қызыл, қызғылт, күлгін түсті қызғалдаққа сұраныс артқан, ал сары қызғалдақ ала­тын­дар аза­йып­ты.

– Жұрт 5-6 жыл бұрын сары қызғал­дақ­ты жиі алатын, ал қазір түсінік өз­гер­ген. Көбі «сары қызғалдақты алудың керегі жоқ, ажырасуға әкеледі» деген секілді ақылға қонымсыз ырым­­дар айтып жа­тады. Қызылды бе­руге болады, сарыны бе­руге болмайды деп бө­­ліп-жаратындай заң жоқ, бас­тысы гүлдің саны тақ болса бол­ғаны, – дейді Р.Жиенбайұлы.

Маманмен сөйлесіп отырып, қызғалдақты үйде күтудің де тәртібі барын ұқтық. Шетелден әкелінген қызғалдақ пен өз жерімізде өскен қызғалдақты күтіп-баптаудың айырмашылығы бар көрінеді. Флорист қызғалдақ­ты үй жағдайында ұзақ сақтаудың да құпиясын айтты.

– Голландияға барып, қызғал­дақ өсіруді өз көзімізбен көргені­мізде, бір нәрсе байқадым. Онда қызғалдақтың басы кішкентай кезде кесіп алады да, жәшіктерге салып, тоңазытқышқа орналас­тырады. Қызғалдақ сусыз және суық жерде 1 ай өсе­ді, кейін экс­порт­қа жібере бастайды. Бұл гүлді үйде көп уа­қыт сақтауға келмейді, себебі алдын ала кесіп тастады, сусыз жерде ұзақ жатты. Өзіміздің қызғалдақ сатуға жі­бе­рілместен бір апта бұрын ғана кесі­леді, демек шетелдік гүлге қарағанда, өзіміз­дікі ұзақ сақталады. Қыз­ғалдақ салқын суды сүйеді, суына жиірек мұз салып отырыңыздар, су қан­шалықты салқын болса, сонша­лықты ұзақ сақталады, – дейді ол.

Сонымен қатар қызғалдақ­тың түбін жиі кесуге болмайды, әйтпесе қауызы тез ашылады да, солып қалады екен. Сол себепті гүлдің түбін 3 күнде бір кесіп, салқын суда сақтаған жөн. Осындай қарапайым әдіс­пен гүлді кемі 8 күн сақ­тауға болады. 

Гүл дүкеніндегі ғажап сұлу­лыққа қарап, көзіміз тояр емес. Алайда гүлдің шетелден келе­тіні бізді ойландырып қойды. Фло­рис­тің айтуынша, отандық гүл индустриясы шетелден 15-20 жыл­ға артта қалып келе жатыр. Гүл өсірудің арнайы технология­сы жоқ, бұл кәсіпке мемлекет тарапынан қолдау болса, бәсекеге лайықты болар едік дейді.

Ғұмыры ұзақ сабын гүлдері

Мереке қарсаңында сабын­нан жасалған гүлдердің де сау­дасы жүріп тұр. Шынайы гүл бірнеше күнде солып қалса, са­бын гүлдің ғұмыры ұзақ, сондықтан да жастар мұндай гүлдерге қызыға бастаған. Біз ел арасына сабын гүлін наси­хаттап жүрген Бекзат Темірхан­қызымен тілдесіп қайттық.

– Заман талабына сай болу оңай емес. Бүгін жасаған бұйы­мың сұраныста болады, ал біраз уақыттан кейін басқасы орнын басады, сол үшін үнемі ізденісте жүруің керек. Біреу­лер себеттегі гүлді ұнатса, бірі құшақ-құшақ гүлді жақсы кө­реді. Бұл істі қолға алуым­ның себебі – табиғатқа шығын келтірмеу. Бір раушанды өсіру үшін кемі 25 литр су қажет. Миллиондаған гүлге соншама су керегін есептей беріңіз. Сабын гүл еш шығын кел­тірмейді, халық та мұны түсініп келеді, сыйға алған жандар қуанышын жасыра алмай, алғыс білдіреді, – дейді ерекше істің иесі.

Бекзат ханымның әр гүлді махаббатпен жасайтынын сездік, тіпті әуезді ән тыңдап отырып жұмыс істегенді ұна­тады. Сол ән жүрекке жет­кенде, әдемі туынды дүниеге келеді дейді.

– Қызық оқиғаны айтып берейін. Бір жігіт қызына ұсыныс білдіруге 51 раушан гүліне тап­сырыс берді. Алға­шында гүлдің түрін көрмеген еді, кейін қолына жеткенде, шынайы гүлден айыр­масы жоқ деп қатты таңғалды, – дейді Бекзат ханым.

«Қызғалдақты жеуге де болады»

Сабыннан жасалған гүлге таңғалмайтын шығарсыз, алайда зефирден жасалған гүлді көріп пе едіңіз? Зефир қызғалдақтың нә­зіктігі сонша – жеуге қимайсың, бірақ бұл – жаңадан шыққан ерекше тәтті. Анель Ержанқызы бұл іске кездейсоқ келгенін ай­тады.

– Шығармашыл жан болған­дықтан, мені шабыттандыратын істі ұзақ уақыт іздедім. Былтыр құрбым мереке кезінде түйме­дақ гүліне ұқсас тәтті сый­лаған. Оны анама көрсет­кенімде, бала кезден бергі құр­бысы зефирден гүл жасай­тынын айтты. Мұндай бағыт­тың барын алғаш рет сонда естідім. Зефир гүлдерін шынайы гүлден ажырату қиын болады, оны жеуге болатынын білген­де, таңғалдым да, шабыттан­дым. Іздене келе зефир флорис­тика­сына қадам бастым, – дейді А.Ержанқызы.

Жұрт бұл сыйға құмарта да, қызыға қарайды. Сұраныстың көптігі сонша, Анель таңғы беске дейін гүл жасайды. Бүгінде оның бұл саладан тәжірибе алған жүз­ден аса шәкірті де бар. 

– Жұмыстың маңыздысы – зефир массасын дұрыс дайын­дау. Зефир – өте нәзік әрі «қырсықтау» десерт. Бабымен қайнатпасаң, гүл формасын ұстамай, дұрыс шықпай қала­ды. Ал қызығы – адамдардың эмоциясын көру. Жұрт гүлдің жеуге болатын тәтті екенін түсінбей таңғалады, – дейді ол.

Маман тәттілерді тек табиғи өнімдерден дайындайтынын ай­тады. Үйде дайындаған зефирдің ерекшелігі, дүкендегі тәттілерге қарағанда, қант мөлшері әлде­қайда аз болады. Мұндай зефирді әрі кетсе, 7-10 күн сақтауға бо­лады.

Зефир флористикасы – елде дамып келе жатқан жаңа бағыт, ал Украина мен Ресейде әл­де­қайда жақсы дамыған. Не деген­мен, гүл индустриясы әлі қан­шама жаңалық сыйлай­тынына сенеміз.

Айсұлу СЪЕЗХАН