Қазақстандық танымал әншілер Жанболат пен Жазираның ұлы Қазбек әлеуметтік желіде шетелдегі сапары кезінде бастан өткерген қауіпті жағдай туралы айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оның айтуынша, Дубайда жүрген кезде олар тұрған үйдің маңына ракета түсіп, бірнеше жарылыс болған. Сол себепті Қазбек достарымен бірге заттарын алмай, үш күн бойы қазақ достарының үйінде паналауға мәжбүр болған.
«Көз алдымызда алыстан ракеталар жарылып, сағат сайын үстімізден бірдеңелер ұшып жатты. Сол үш күн отбасы үшін үлкен стресс болды», – деп жазды ол.
Кейін Қазбек пен оның отбасы қауіпсіз жер іздеп, Оманға кету туралы шешім қабылдаған. Бірақ ол жақтан Қазақстанға қайту да оңай болмаған. Әуежайда билет тапшы болып, бағасы бірнеше есе қымбаттаған.
Соған қарамастан, олар ұзақ жол жүріп, бір күн ішінде үш рет ұшақ ауыстырып, ақыры Қазақстанға аман-есен жеткен.
Қазбек бұл сапар өмірге деген көзқарасын өзгерткенін айтып, қазір бәрі жақсы екенін жеткізді.