Алматы облысының Қонаев қаласындағы мектептердің бірінде жоғары сынып оқушылары арасында жанжал шығып, ол төбелеске ұласқан, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты HALYQSTAN-ға сілтеме жасап.
HALYQSTAN дерегінше, оқиға 2026 жылғы 25 ақпанда болған. Екі оқушы арасындағы сөзге келіспеушілік төбелеске ұласқан. Кейін олар мектеп директорының орынбасарының кабинетіне шақырылып, жағдай түсіндірілген.
Бірақ кабинеттегі әңгімеден кейін жанжалға қатысқан оқушылардың бірі сыртқа жүгіріп шығып, біраз уақыттан соң қолына пышақ алып қайта келген. Ол қарсыласын қорқытып, күш қолданатынын айтып, қоқан-лоқы жасаған.
Мектеп қызметкерлері дереу әрекет етіп, жасөспірімді полиция келгенге дейін ұстап тұрған.
Оқиғаға байланысты Қонаев қаласының прокуратурасы тиісті шаралар қабылдап, тексеріс жүргізген. Ал Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті полиция екі кәмелетке толмаған оқушының ата-анасына қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 435-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырғанын мәлімдеді.
Сонымен қатар тәрбиелік жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастырмағаны үшін мектеп директоры мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына тәртіптік жаза қолданылған.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.