Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы орталық стадионда Қазақстан Премьер-лигасының жаңа маусымының бірінші туры аясында «Ордабасы» мен «Ертіс» командалары арасында матч өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ойын алдында жаңа Конституцияны қолдауға арналған ауқымды спорттық-мәдени іс-шара ұйымдастырылды.

Орталық стадионда өткен мерекелік кешке шамамен 18 мыңға жуық адам жиналды.
Іс-шараның мақсаты – тұрғындарды 15 наурызда өтетін республикалық референдумға қатысуға шақырып, жаңа Конституцияның маңызы мен мазмұнын түсіндіру.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жаңа Конституция елдің демократиялық негіздерін нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталған. Құжатта «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаттарын дамытуға басымдық берілген.

Іс-шара аясында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Олардың қатарында Қайрат Нұртас, Shiza және «Алатау серілері» тобы бар.

Іс-шара барысында қоғамның түрлі саласында танымал азаматтар да жаңа Конституцияны қолдауға қатысты пікір білдірді. «Миллион» жайдарман командасының мүшесі Қанат Тасхан жаңа Конституция елдің болашағын айқындайтын маңызды құжат екенін атап өтті.

— Жаңа Конституция – еліміздің дамуына бағыт беретін маңызды құжат. Онда әділдік пен заң үстемдігін нығайтуға бағытталған өзгерістер бар. Сондықтан баршаңызды 15 наурыз күні өтетін референдумға қатысып, жаңа Конституцияны қолдауға шақырамын, — деді Қанат Тасхан.

Айтыскер ақын Нұрлан Есенқұлов та жаңа Конституция қоғамдағы тұрақтылық пен әділдікті нығайтуға қызмет ететінін айтып, азаматтарды референдумға белсенді қатысуға шақырды.
— Еліміздің дамуы мен қоғамдағы бірліктің нығаюы әр азаматтың белсенділігіне байланысты. Жаңа Конституция осы бағыттағы маңызды қадам деп ойлаймын, — деді Нұрлан Есенқұлов.

Өз кезегінде «Ордабасы» футбол клубының қақпашысы Бекхан Шайзада да жаңа Конституция елдің тұрақты дамуына негіз болатынын айтып өтті.
Назгүл Назарбек,
Шымкент қаласы