Батыс Қазақстан облысында су тасқынының алдын алу мақсатында «Су тасқыны – 2026» айлығы жарияланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Айлық аясында жол бойындағы 600-ге жуық су өткізгіш құбыр және елді мекендердегі 300 шақырым арық омбы қардан тазартылды. Сондай-ақ өзендерде ойық бұрғыланып, мұз кесу жұмыстары жүргізілді. Жер қарайтылып, 1 миллион текше метрге жуық қар шығарылды. Қазіргі уақытта кептеліс қаупі бар өзендерде мұз жару жұмыстары жалғасып жатыр.
Өткен жылы су тасқынының алдын алу шараларына жергілікті бюджеттен 2,9 млрд теңге бөлініп, Орал қаласы мен төрт ауданда 12 шақырымнан астам бөгет салынды. Сонымен қатар бес өзеннің арнасы кеңейтіліп, түбі тереңдетілді. Жайық өзенінің жағалауы нығайтылып, 214 шақырым канал тазартылды.
Биыл су тасқыны кезеңіне 2 мыңнан астам техника мен 4 мыңнан астам адам дайын тұр.