Қарағанды облысының тұрғындарына коммуналдық қызметтер үшін 3,1 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылады.
Тұрғындарға коммуналдық қызметтер үшін 3,1 миллиард теңгеден астам қаражат қайтарылады
Фото: gov.kz
136
оқылды

Бұл қаржыны табиғи монополия саласындағы 18 кәсіпорын тариф арқылы алғанымен, жоспарланған мақсаттарға толық жұмсамаған. Бұл туралы Қарағанды облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаменті 2024 жылға арналған есептерді талдау қорытындысы бойынша мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Департамент 73 табиғи монополия субъектісі ұсынған 200 есепті зерделеген. Олардың ішінде тарифтік сметалардың орындалуы және инвестициялық бағдарламалардың жүзеге асырылуы жөніндегі есептер бар.

Талдау барысында 18 табиғи монополия субъектісі бекітілген тарифтік сметаларда көзделген бірқатар жұмыстар мен шығындарды толық орындамағаны анықталған.

Заңнамаға сәйкес, мұндай жағдайда тұтынушыларға қаражатты қайтару үшін өтемдік тариф енгізіледі. Осы тетік арқылы облыс тұрғындарына Ұлттық банкінің қайта қаржыландыру мөлшерлемесін ескере отырып, 3,1 млрд теңге қайтарылады.

Өтемдік тарифтер бір жыл ішінде  2026 жылғы 1 қаңтардан 2027 жылғы 1 наурызға дейін қолданылады.

Қайтарылатын қаражат қызмет түрлері бойынша былай бөлінеді:

  • сумен жабдықтау және су бұру қызметтері – 2,27 млрд теңге;
  • электр энергиясын жеткізу қызметтері – 669,6 млн теңге;
  • жылумен жабдықтау қызметтері – 107,7 млн теңге;
  • кірме жолдар қызметтері – 3,7 млн теңге;
  • газбен жабдықтау қызметтері – 55,6 млн теңге.

Бұл шара тариф арқылы жиналған, бірақ жоспарланған бағыттарға жұмсалмаған қаражатты тұтынушыларға қайтаруға мүмкіндік береді.

Департамент өкілдерінің айтуынша, тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуын бақылау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.