Делегацияны Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастап барды. Кездесуге сондай-ақ Мәжіліс депутаты, заңгерлік және сарапшылық қауымдастық өкілдері қатысты. Талқылау барысында жаңа Конституция жобасының білім беру ортасына, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге және адами капиталды дамытуға тікелей қатысты нормаларына ерекше назар аударылды. Лицейдің педагогикалық ұжымымен кездесу барысында Аида Балаева жаңа Конституция жобасында білім беру жүйесін дамыту, зайырлы білім беру қағидаттарын нығайту және барлық балалар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше мән берілгенін атап өтті.

«Жаңа Конституция жобасында Қазақстандағы білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты нақты әрі анық көрсетілген. Бұл норманы дұрыс түсіну өте маңызды. Ол ешқандай жағдайда дінге қарсы бағытталмаған және азаматтардың ар-ождан бостандығын шектемейді. Мәселе – мемлекеттік мектептің барлық бала үшін тең әрі бейтарап білім беру кеңістігі болып қалуында. Яғни, әрбір бала, оның отбасылық немесе діни көзқарасына қарамастан, әділдік пен тең мүмкіндіктерге негізделген ортада білім алуы тиіс. Ал білім беру стандарттары барлық оқушы үшін ортақ әрі бірдей болуы қажет. Сонымен қатар білім беру саласындағы негізгі кепілдіктер толығымен сақталады. Бұдан бөлек, жаңа норма бұрынғыдан да кеңейіп отыр. Егер қолданыстағы Конституцияда міндетті орта білім туралы айтылса, жаңа жобада міндетті білім беру тек орта біліммен шектелмей, бастауыш білімнің де міндеттілігі нақты бекітіледі. Шын мәнінде, мемлекетіміз әрбір баланың білім алуына ең алғашқы қадамынан бастап жауапты дегенді білдіреді. Яғни, білімнің базалық деңгейі барлық бала үшін қамтамасыз етілуі тиіс. Жалпы алғанда, Конституция жобасының мәні тек жекелеген нормалармен ғана шектелмейді. Оның негізгі идеясы әлдеқайда кең. Жаңа мемлекеттік модельдің негізгі өзегінде адам және оның игілігі тұр. Ал елдің болашағы ең алдымен адами капиталдың сапасына, білім деңгейіне және азаматтардың жасампаз әлеуетіне байланысты екені айқын көрсетілген. Сондықтан білім беру жүйесін дамыту, ғылымды қолдау және инновацияны ілгерілету – еліміздің стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде нақты бекітіліп отыр», – деді Үкімет басшысының орынбасары.
Сонымен қатар коалицияның өзге мүшелері конституциялық реформаның қоғамдық маңызына, жоба мазмұнына мұқият әрі саналы көзқараспен қараудың қажеттілігіне, сондай-ақ Әділетті және Прогрессивті Қазақстанды құру жолында білімнің, құқықтық мәдениеттің және қоғамдық сенімнің рөліне тоқталды.
Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай жаңа Конституция жобасы ел тәуелсіздігін одан әрі нығайтуға, қоғамдық келісімді бекемдеуге және мемлекеттің орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
«Бүгінде Қазақстан өз дамуының жаңа кезеңіне қадам басқан шақта жаңа Конституция жобасында білімге, адами капиталға және азаматтардың жасампаздық әлеуетіне ерекше мән берілгені айрықша маңызды. Бұл жай ғана әлеуметтік норма емес, бүкіл ел үшін стратегиялық бағдар. Өйткені қуатты мемлекет мектептен, ұстаздан, ойлай білетін, жауапкершілігі жоғары әрі білімді ұрпақты тәрбиелеуден басталады. Дәл білім арқылы тәуелсіз Қазақстанның болашағы қалыптасады. Сондықтан халық бұл бағытты референдумда қолдайды деп сенемін», – деді депутат.
Белгілі заңгер ғалым, ұстаз, қоғам қайраткері Нұрлан Дулатбеков Ата Заңның жаңа редакциясы кең ауқымды қоғамдық талқылау жағдайында әзірленгенін және әрбір азаматқа түсінікті әрі жақын болуға тиіс екенін атап өтті.
«Конституция тек құқықтық тұрғыдан мінсіз құжат қана емес, халыққа жақын, әрбір адамға түсінікті болуы керек. Сондықтан оның преамбуласы, яғни құндылықтық өзегі айрықша маңызға ие. Бүгінде жаңа Конституция жобасында білім, ғылым, мәдениет және адами капитал сияқты басымдықтар алға шығарылып отыр. Бұл мемлекеттің өз болашағын жаңаша түсіну деңгейіне көтерілгенін көрсетеді. Егер осы бағдарлар жүйелі түрде жүзеге асырылса, онда бұл ел дамуының берік негізіне айналып, келер ұрпақтың болашағына қосылған лайықты үлес болмақ», – деді Нұрлан Дулатбеков.
Жиында талқыланған өзгерістерді педагогикалық қауымдастық өкілдері де қолдайтындарын білдірді.
«Жаңа Конституцияны қолдау – біздің балаларымыздың болашағын қолдау деген сөз. Ұстаздар үшін реформалардың өзегінде тең мүмкіндіктер, білім сапасы және адами капиталды дамыту мәселелерінің тұрғаны ерекше маңызды», – деді Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің педагогі Балзия Ералиева.
Кездесу соңында ұстаздар қауымы алдағы референдумға белсенді қатысудың маңыздылығын айтып, саналы азаматтық ұстаным арқылы Қазақстанның болашағының берік негізі қаланатынын ерекше атап өтті.