Қазақстанда референдумға дайындық аясындағы оқыту жұмыстары кең ауқымда, кезең-кезеңімен және тәжірибеге негізделген форматта жүзеге асырылуда.
Каскадты оқыту моделі: аумақтық комиссия мүшелерін республикалық референдумға қалай дайындайды?
138
оқылды

Қазақстанда республикалық референдумға дайындық аясында комиссия мүшелерін кәсіби оқыту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатыр. Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісовтің айтуынша, бүгінде бұл үдеріске ел аумағындағы аумақтық және учаскелік референдум комиссияларының 71 030 өкілі тартылған,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Оның айтуынша, комиссиялардың жұмысын біріздендіру үшін Орталық референдум комиссиясы арнайы оқу-әдістемелік материалдар әзірленген. Сондай-ақ өңірлерге әдістемелік құралдар топтамасы мен дауыс беру күніне арналған рәсімдерді түсіндіретін бейнекурс жолданған. Онда дауыс беруді ұйымдастыру тәртібі, комиссиялардың негізгі міндеттері мен іс-қимыл алгоритмдері кеңінен қамтылған.

«Дайындық каскадтық модель негізінде жүргізілуде. Барлық деңгейде комиссия мүшелері алдымен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және «Қазақстан Республикасындағы республикалық референдум туралы» конституциялық заңдардың негізгі нормалары бойынша кіріспе тест тапсырады. Бұл тәсіл олардың білім деңгейін нақты бағалап, оқыту жұмысын мақсатты түрде ұйымдастыруға мүмкіндік береді», – деді Шавхат Өтемісов.

Оқытудың алғашқы кезеңінде Орталық референдум комиссиясы аумақтық комиссиялардың тұрақты мүшелеріне арналған республикалық онлайн-семинар өткізді. Оған 821 адам қатысты. Семинар барысында құқықтық рәсімдер, комиссия жұмысын ұйымдастыру, ақпараттық сүйемелдеу және референдумды қаржылық қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

ОРК хатшысының сөзінше, өңірлік кезеңде аумақтық комиссиялардың босатылған мүшелері 908 аумақтық комиссия мүшесін, сондай-ақ учаскелік комиссиялардың төрағалары, төраға орынбасарлары мен хатшыларын оқытқан.

«Бағдарлама аясында тәжірибелік сабақтарға да ерекше мән берілді. Олар учаскені дайындау, референдумға қатысушылар тізімімен жұмыс істеу, дауыс беру учаскесін ашу, дауыс беруді өткізу және қорытынды шығару сияқты негізгі кезеңдерді қамтыды. Практикалық тапсырмалар нақты жағдайларды үлгілеу арқылы жүргізіліп, түрлі әрекет нұсқалары мен құқықтық шешімдер пысықталды. Осы кезеңде 31 233 учаскелік комиссия басшылығының өкілі оқудан өтті», – деді ол.

Қазір оқытудың үшінші кезеңі жүріп жатыр. Аумақтық комиссиялардың қолдауымен учаскелік комиссиялар қалған 38 068 мүшені даярлауда. Бұл кезеңді 13 наурызға дейін аяқтау жоспарланған.

Сонымен қатар  референдумның ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Электоралдық оқыту орталығында арнайы онлайн-семинар ұйымдастырылды. Оған аккредиттелген қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Семинарға 500-ден астам адам қатысқан.

Осылайша, Қазақстанда референдумға дайындық аясындағы оқыту жұмыстары кең ауқымда, кезең-кезеңімен және тәжірибеге негізделген форматта жүзеге асырылуда.