Мемлекет әрбір адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға, жеке өмірінің қол сұғылмауын қамтамасыз етуге міндетті.
Ата Заң өзгерісі биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған
www.istockphoto.com
91
оқылды

Жаңа Конституция жобасы заң шығарушы және атқарушы билік тармақтары арасындағы өкілеттікті теңгеруге бағытталған тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін күшейтуді көздейді,  – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Құжатқа сәйкес, Құрылтай үкімет пен оның министрлерінің қызметін бақылаудың кеңейтілген тетігіне ие болады. Оған қоса, үкіметке сенімсіздік білдіруге және белгіленген рәсімнің шеңберінде жекелеген басшылардың отставкасын талап етуге құқылы. Бұл өзгеріс атқарушы биліктің парламент қана емес, сонымен бірге қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Мәжіліс депутаты, AMANAT фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжанов елдің саяси қалыбын жаңарту аясындағы реформаларды қозғай отырып, тек формалды түрдегі түзетулер емес екенін жеткізді.

Оның айтуынша, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті қайта қарап, өкілді билікті күшейте түсу керек. Сондықтан басқарудың жаңа моделі депутаттық корпустың саяси жауапкершілігін арттыруды және заңнамалық бастаманы күшейтуді көздейді.

– Парламент қабылданған шешімдерді қолдаумен ғана шектелмей, басқарудың жаңа моделінде стратегиялық процестердің белсенді қатысушысына айналуы тиіс. Осы ретте комитеттердің жүйелі жұмысын күшейту, талдамалық және бақылау функцияларын кеңейту керек, – дейді Жанарбек Әшімжанов.

Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Индира Әубәкірова да жаңа Конституция тежеу мен тепе-теңдік жүйесін бекітетінін мәлімдеді.

Оның айтуынша, барлық реформалар мен институционалдық өзгерістердің түпкі мақсаты өзгеріссіз қалып отыр. Бұл  – адам құқығы мен бостандығын қамтамасыз ету.

– Дәл осы Конституция, олардың іске асыру тетіктері нақты нормаларға сай орындалуына қадағалайды. Әңгіме тежемелік және тепе-теңдік жүйесі, сондай-ақ билік тармақтары арасындағы теңгерім туралы болып отыр. Мұндай жағдайда әрбір орган өз өкілеттігі бойынша әрекет етеді және оның шегінен шықпайды. Осы модель бүкіл мемлекеттік жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, адам құқығы мен бостандығы қорғауға нақты кепілдік қалыптастырады», – деді сарапшы.

Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан елордада өткен «Конституциялық реформа және қоғамдық диалог: келешекке бағдар» атты сарапшылар алаңында сөз сөйлеп, Конституция жобасының азамат құқықтарын қорғау бағытындағы негізгі жаңалығына тоқталды. 

Депутаттың айтуынша, жаңа Конституция жобасы құқықтық құжат қана емес, адамға бағытталған мемлекеттік басқарудың жаңа философиясын қалыптастырады.

– Жаңа Конституцияның басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтып, әділетті мемлекет құру. Негізгі заңның преамбуласында адам, оның өмірі, құқығы мен бостандығы мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде белгіленген», – деді Абзал Құспан.

Оның айтуынша, жобада азаматтардың құқықтарын қорғауға ерекше мән берілген. Мемлекет әрбір адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға, жеке өмірінің қол сұғылмауын қамтамасыз етуге міндетті. Сонымен қатар заң алдындағы теңдік қағидасы күшейтіліп, азаматтардың құқықтары бұзылған жағдайда оларды әділ қорғаудың тиімді тетіктері қарастырылған.