Онда бөлшек несиелеудің өсуі халықтың қарыз жүктемесінің артуымен қатар жүріп жатқаны айтылған.
Халықтың қарызы жалақының 51 пайызына жетті – Дүниежүзілік банк есебі
275
оқылды

2026 жылғы ақпанда Дүниежүзілік банк Қазақстан бойынша ай сайынғы экономикалық шолуын жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты naryk.kz сайтына сілтеме жасап.

Онда бөлшек несиелеудің өсуі халықтың қарыз жүктемесінің артуымен қатар жүріп жатқаны айтылған.

Есепке сәйкес, 2025 жылдың IV тоқсанында үй шаруашылықтарының қарызы жалақыға шаққанда 51%-ға жетіп, 2008-2009 жылдардағы қаржы дағдарысы алдындағы ең жоғары деңгейден (50%) асып кеткен.

Сарапшылардың мәліметінше, 2020-2025 жылдары халықтың нақты қарызы шамамен екі есе  артқан, ал нақты табыс небәрі 15%-ға ғана өскен. Сонымен қатар 2025 жылдың желтоқсанында халықтың нақты табысы жылдық есеппен 6%-ға төмендеген.

Дүниежүзілік банк сарапшылары табыстың азаюы мен жоғары инфляция азаматтарды күнделікті шығындарын жабу үшін несие алуға мәжбүрлеп отырғанын атап өтті. Әсіресе, бұл жағдай төмен табысты және ауылдағы осал топтарға ауыр тиіп жатыр.

2025 жылы бөлшек несиелер банктердің кредит портфелінің 57,2%-ын, ал тұтынушылық несиелер 38,5%-ын құраған. Қазіргі кезде тұтынушылық несиенің ЖІӨ-дегі үлесі шамамен 16%.

Сонымен бірге есепте Қазақстанның банк секторы жалпы алғанда тұрақты екені және банктер жаңа экономикалық жағдайларға бейімделіп жатқаны айтылған.