ҚР ІІМ Ұлттық ұланында әскери міндетін абыроймен атқарып қана қоймай, бойындағы жаңа қабілеттерін танытып жүрген мерзімді қызмет сарбаздарын жиі кездестіруге болады. Солардың бірі – Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінде қызмет ететін қатардағы Айдос Құлдыбай, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Айдос 2001 жылы Түркістан облысы Отырар ауданына қарасты Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Мектепті тәмамдағаннан кейін ол Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне түсіп, электр энергетикасы инженері мамандығын меңгерген. Әскерге шақырылғанға дейін туған ауылындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде оператор болып жұмыс істеді.
Спортқа деген қызығушылығы мектеп кезінен басталған. Әсіресе, оны street workout деп аталатын көше спорты ерекше қызықтырды. Турникке арналған жаттығулардың техникасын өз бетінше меңгеріп, күрделі элементтерді орындауды үйренді. Күш, ептілік пен төзімділікті талап ететін жаттығулар жас жігіттің мінезін шыңдап, мықты физикалық дайындығын қалыптастыруға көмектесті.

Алайда әскер қатарында Айдос өзін шығармашылық қырынан да таныта білді. Бүгінде ол әскери бөлімдегі маңызды іс-шараларды түсіріп, ұландықтардың қызметі мен күнделікті өмірі туралы бейнероликтер дайындайды.
– Әскерге дейін менде қызмет туралы басқа түсінік болды. Мұнда өте қиын болады деп ойладым. Бірақ әскери бөлімге келген соң қателескенімді түсіндім. Мұнда дамуға, қабілеттеріңді ашуға және дағдыларыңды жетілдіруге мүмкіндік бар. Әскер алға ұмтылғандарды әрдайым қолдайды, – дейді Айдос.
Қаруластарының айтуынша, оның бейнероликтері әскери өмірді жаңа қырынан көрсетуге мүмкіндік береді. Кейбір жұмыстары әскери бөлімнің ақпараттық қызметінде де пайдаланылып жүр.
Бүгінде ҚР ІІМ Ұлттық ұланы қатарында осындай белсенді әрі талантты жастар аз емес. Олар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттерін орындаумен қатар, өз қабілеттерін дамытып, жаңа тәжірибе жинақтап, болашақ кәсіби жетістіктерінің негізін қалап келеді.