Кен орны аумағында 6 орында 8 уақытша дауыс беру учаскесі ашылды.
Теңіз кен орнында жаңа Конституция бойынша референдумда дауыс беру жүріп жатыр
Фото:Aikyn.kz
130
оқылды

Қазақстандағы ең ірі мұнай кен орны – Теңізде жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдумға қызметкерлердің қатысуы ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта кен орнында бір вахтада әртүрлі мамандықтағы 10 мыңнан астам қызметкер еңбек етуде, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Қызметкерлер өздеріне ыңғайлы учаскені таңдап, өндірістік процестен қол үзбей дауыс бере алады.

Сонымен қатар кен орнында қызметкерлерді сайлау учаскелеріне жеткізу үшін автобустар қатынап жатыр. 

«Теңіз кен орнында референдум өткізу үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Сайлау комиссияларымен бірлесіп кен орны аумағында уақытша дауыс беру учаскелері ұйымдастырылды,  оларға ыңғайлы қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қарастырылды. Бұл қызметкерлерге белгіленген тәртіпке сәйкес дауыс беруге мүмкіндік береді», – деді «Теңізшевройл» ЖШС жұртшылықпен және үкіметпен байланыс бөлімінің бас менеджері Нұрмұхамед Қартабаев.

Қызметкерлердің айтуынша, кен орнында дауыс беру үшін барлық қажетті жағдай жасалған.

«Барлығы өте ыңғайлы ұйымдастырылған:  учаскелер жұмыс аймақтарына жақын орналасқан, көлік бар. Әркім өзіне қолайлы уақытты таңдап, еркін дауыс бере алады. Бұл – ел үшін маңызды оқиға  және вахтада жүрсек те, оған қатыса алатынымыз қуантады», – деді «Теңізшевройл» ЖШС қызметкері Нұрсұлтан Ізбасқанов.

Баян Жанұзақова