Ақмола облысында жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдумға қатысу үшін 760 сайлау учаскесі жұмысын бастады, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Олардың 700-і азаматтардың тіркелген мекенжайы бойынша, ал 60-ы уақытша тұратын жерлерде орналасқан. Бұл әрбір облыс тұрғынына өз даусын беру және елдің болашағына үлес қосу мүмкіндігін береді.
Референдумға 511 183 адам қатысу құқығына ие. Бюллетеньдер 1%-дық (5112) көлемде, яғни 516 295 дана дайындалған. Сайлауды өткізу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалды. Бүгін облыс бойынша мүгедектігі бар азаматтар үшін инватакси, сурдо аудармашылар қызмет ететін болады. Сайлау учаскелері мүгедектігі бар азаматтардың саны мен ерекшеліктерін ескере отырып жабдықталған.
Азаматтарды дауыс беру процесі мен қай жерде дауыс беруге болатындығы туралы ақпараттандыру үшін 20 call-орталығы жұмыс істейді, сондай-ақ 109 бірыңғай нөмірі бар. Облыс әкімдігінің ресми сайтында «Өзіңді тексер» онлайн-сервисі қолжетімді, ол сайлаушылар тізіміндегі деректеріңізді жылдам және ыңғайлы түрде білуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ «АқмолаСайлауБот» Telegram-боты жұмыс істейді, ол пайдаланушыларға референдум туралы барлық қажетті ақпаратты, соның ішінде сайлау учаскелерінің мекенжайлары мен жұмыс кестесін ұсынады.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы