Бұл учаскеде белсенділік жоғары, 18-ге енді толған жастардан бастап, зейнеткерлер де дауыс беріп жатыр.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров референдумда дауыс берді
фото: баспасөз қызметінен алынды
139
оқылды

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров алғашқылардың бірі болып, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-да орналасқан №133 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Демографиясы жоғары, халқы тығыз Түркістан облысында белсенділік жоғары, елдің көңіл күйі көтеріңкі. Өңірдегі барлық сайлау учаскелерінде мемлекеттік Әнұран шырқалып, алғашқы сайлаушылар өз таңдауын жасап, дауыс беруде. 

Түркістан облысы бойынша референдум учаскелерінің саны – 948 (оның ішінде жабық учаскелер саны – 26).  Қазіргі таңда Түркістан облысында жалпы  2 млн 154 мыңнан астам тұрғын бар. Оның ішінде дауыс беру құқығына ие азаматтар саны –  1 187 257, бұл өңір халқының 55,4 пайызына тең.

Республикалық референдумға өңір жоғары деңгейде дайындалды.  Референдумға облыс бойынша жалпы саны 6 380 комиссия мүшесі тартылған. Оның ішінде 1 – облыстық (7 мүше), 17 аумақтық (119 мүше) және 948 учаскелік референдум комиссиялары (6 254 мүше) бар.  Комиссия мүшелерінің  97 %-ның референдум және түрлі деңгейдегі сайлау науқандарын өткізуде тәжірибесі бар. Сонымен бірге бақылаушылар да референдум барысын тұрақты қадағалап отыр. 

Референдум учаскелері қажетті құрал-жабдықтармен, материалдық-техникалық жағынан толықтай қамтамасыз етілген, 

Облыс көлемінде биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, 16 601 ерекше қажеттілігі бар дауыс беруші азамат бар, олардың 4 мыңы қоларба пайдаланады, 8 171-нің көру, сондай-ақ  4 430 азаматтың есту қабілеті нашар. Олардың дауыс беруіне қолайлы жағдай  жасалған. 

Жалпы, өңірде референдум жоғары деңгейде өтіп, дауыс беру жалғасып жатыр. Тұрғындардың белсенділігі жоғары.