«Мұзды өлке» мультфильміндегі Эльза, екіншісі — балалар сүйіп көретін Леди Баг кейпінде келді.
Көкшетаудағы сайлау учаскесінде мультфильм кейіпкерлері дауыс берді
Фото: Аikyn.kz
94
оқылды

Көкшетау қаласында өткен референдум күні кейбір сайлау учаскелерінде болған оқиғалар аса ерекше қызықты сәттерімен көпшіліктің есінде қалды. Қаланың «Достар» мәдениет үйінде орналасқан учаскеде тұрғындарды күтпеген көрініске тап болды. Дауыс беруге мультфильм кейіпкерлерінің образындағы аниматорлар келді, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Іс-шара индустриясында жұмыс істейтін қыздар бұл күні сайлау учаскесіне әйгілі мультфильм кейіпкерлерінің костюмін киіп келіп, өз азаматтық міндетін орындады. Олардың бірі  «Мұзды өлке» мультфильміндегі Эльза, екіншісі  балалар сүйіп көретін Леди Баг бейнесінде болды.

Ерекше костюмдеріне қарамастан, дауыс беру рәсімі заң талаптарына толық сәйкес өтті. Аниматорлар жеке куәліктерін көрсетіп, бюллетень алып, арнайы кабиналарда өз таңдауларын жасады.

Аниматорлардың айтуынша, бұл бастама бір жағынан жұмыстың бір бөлігі, екінші жағынан азаматтық белсенділікті көрсетудің ерекше тәсілі.

«Біз адамдарға қуаныш сыйлауға үйренгенбіз. Бүгін де сол дәстүрден айнымадық. Референдум — маңызды күн. Әсіресе, балаларымен келген ата-аналар аздап болса да күлімсіресе дедік. Костюм маңызды шешім қабылдауға кедергі емес, керісінше осы күнге аздап бояу қосады», – дейді Эльза образындағы аниматор.

Мұндай креативті тәсілді сайлаушылар да жылы қабылдады. Көпшілік үшін мультфильм кейіпкерлерін кездестіру күтпеген әрі жағымды сәт болды. Балалар олармен суретке түсіп, ерекше әсер алды.

«Дауыс беруге келіп, мұндай кейіпкерлерді көремін деп ойламадым. Қызым қатты қуанып, бірден суретке түсейік деп жүгірді. Осындай сәттер сайлау күніне мерекелік көңіл күй сыйлайды», – дейді көкшетаулық тұрғын Арман Ибраев.

Учаскелік комиссия мүшелерінің айтуынша, мұндай бастамалар дауыс беру тәртібіне еш кедергі келтірмейді. Керісінше, түрлі буын өкілдері үшін сайлау процесін ашық әрі жылы атмосферада өткізуге ықпал етеді.

Ерекше форматтағы бұл көрініс Көкшетаудағы референдум күніне өзгеше реңк беріп, әлеуметтік желілерде де қызу талқыланып жатыр.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы