Ақмола облысының Жарқайың ауданындағы сайлау учаскелерінің бірінде ерекше көрініс көпшіліктің назарын аударды. Мұнда дауыс беруге Сұлтановтар әулетінің бірден төрт буыны ұрпақ өкілі бірге келді, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Әулеттің үлкені – Рахима Сұлтанова немере-шөберелерінің ортасында сайлау учаскесіне келіп, ел болашағына қатысты таңдауын жасады. Онымен бірге балалары, немерелері және шөберелері еріп келіп, бір отбасының бірнеше буыны бір мезетте азаматтық белсенділіктің үлгісін көрсетті.
Бұл көрініс учаскедегі сайлаушылар үшін де ерекше әсер қалдырды. Көпшілік үшін бір әулеттің төрт буынының қатар келіп дауыс беруі – отбасылық бірлік пен жауапкершіліктің жарқын көрінісі десек артық айтқандық болмас.
Сұлтановтар отбасының айтуынша, олар үшін дауыс беру – жай ғана рәсім емес, бұл – ел тағдырына бейжай қарамайтын азаматтың міндеті. Әсіресе, жастар мен балаларға осындай үлгі көрсету маңызды.
«Біз балаларымыз бен немерелерімізге ел тағдырына бейжай қарамау керектігін әрдайым айтып отырамыз. Азаматтық жауапкершілік пен патриотизм отбасынан басталады», – дейді әулет мүшелері.
Сұлтановтар отбасының бұл қадамы Жарқайың ауданында белсенді азаматтық ұстаным мен ұрпақтар сабақтастығының айқын белгісіне айналды. Бір әулеттің бірнеше буынының бірге келіп дауыс беруі көпшілікке ерекше әсер сыйлап, ел болашағына деген ортақ жауапкершілікті тағы бір мәрте еске салды.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы