Жасы 100-ден асқан аға буын өкілдерінің азаматтық белсенділігі көпшілікке үлгі болып отыр.
Атырау облысында ғасыр жасаған аналар референдумда дауыс берді
119
оқылды

Индер мен Жылыой аудандарында өмір жолы өнегеге толы тыл еңбеккерлері дауыс беріп, ел болашағына қатысты маңызды науқаннан тыс қалмайтындарын көрсетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Индер ауданында 1926 жылы дүниеге келген тыл ардагері Еркеш Жексенғалиева референдумда өз таңдауын жасады. Өмірін еңбекпен өрген қария жас күнінен бастап ел игілігі үшін аянбай еңбек еткен. Ол еңбек жолында «Доссормұнайгаз» мекемесінде мұнай жинау және айдау учаскесінде машинист болып қызмет атқарған.

Еркеш әжей еңбекке ерте араласып, небәрі 14 жасынан бастап Атырау қаласы мен Индербор аралығында ат арбамен бөшкелерге құйылған май тасып, ауыр еңбекке шыңдалған.

1949 жылы Берниязов Мансарай атамен шаңырақ көтеріп, үлгілі отбасы құрды. Ерлі-зайыптылар үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде қарияның үлкен әулеті бар: 14 немере-жиені мен 37 шөбересі өсіп келеді.

Индер ауданында тағы бір 100 жасаған ана — Моншақ Мұқанқызы да референдумға қатысып, өз дауысын берді. Ол 1926 жылдың 1 маусымында дүниеге келген. Қария елдегі маңызды саяси науқаннан шет қалмай, азаматтық белсенділік танытты.

Жылыой ауданында да тұрғындар референдумға белсенді қатысуда. Дауыс бергендердің қатарында жақында ғана 100 жасқа толған тыл ардагері Унзира Әбілғазиева бар. Денсаулығына байланысты ақ жаулықты ана дауыс беру үшін учаскелік комиссия мүшелерін үйіне шақырды.

Ғасыр жасаған аналардың айтуынша, ел тағдырына қатысты маңызды шешімдерден тыс қалмау – әр азаматтың парызы. Олар қоғамдағы әрбір адам елдің болашағы үшін өз таңдауын жасап, қоғамдық-саяси науқандарға белсенді қатысуы тиіс екенін айтады.

Баян Жанұзақова