Ақордада Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысын өткізген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың барлық займдар бойынша негізгі қарыз сомасын төлеуін тоқтата тұру қажеттігін айтты.
«Біріншіден, төтенше жағдай қолданысы кезеңінде бұған дейін қабылданған айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептеуге тыйыммен қатар халықтың барлық займдары бойынша негізгі қарыз бен сыйақы сомасын төлеуін тоқтата тұру қажет. Банктерден толық түсіністік пен азаматтық ынтымақтастық күтемін», – деді Президент.
Президенттің болжамынша, көптеген азамат жеке қаржылық жағдайының қиындауына байланысты банктік емес ұйымдарға, ломбардтарға, онлайн кредиторларға, микроқаржылық ұйымдарға кепілсіз несие алу үшін жүгінетін болады.
«Азаматтарды алдауға жол беруге болмайды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне, Бас прокуратураға, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне заңнаманың сақталуын тексеру бойынша ауқымды акция жүргізуге және заң бұзушыларды жария түрде жазалап, мұны БАҚ пен әлеуметтік желілерде барынша көрсетуді тапсырамын. Бұл қазақстандықтар қиын-қыстау жағдайда өздерінің құқықтарын мемлекет қатаң қорғайтындығын білу үшін қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.