16 наурызда Қазақстанда жалпыұлттық Наурызнама онкүндігінің үшінші күні – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні атап өтілуде.
Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні – Наурызнама онкүндігінің үшінші күні
Фото: iStock
119
оқылды

Бұл күн мәдениетке, өнерге, руханият пен ұлттық салт-дәстүрлерге арналған, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Оның басты мақсаты – ұрпақтар сабақтастығын нығайту, халықтың мәдениеті мен салт-дәстүрін қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлігі ретінде кеңінен насихаттау.

Мерекеге орай республикалық мәдениет ұйымдарында бірқатар іс-шара өткізіліп жатыр. Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейінде «Дала мәдениетінің жаһандық бейнесі» атты халықаралық фестиваль өтуде. Ал Мәдениеттерді жақындастыру орталығында «Мәдениет пен дәстүр – ұлт болмысының негізі» атты тақырыптық іс-шара ұйымдастырылды. Астанада Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияда «Мәдениет күні – мәдени мұра кеңістігі» атты мерекелік бағдарлама өтуде. Бұл жобалар халықтың мәдени кодын қалыптастыратын тарихқа, дәстүрлерге және ұлттық құндылықтарға арналды.

Бұл күні мерекелік іс-шаралар еліміздің өңірлерін де кеңінен қамтыды. Ақтөбе облысында ұлттық өнер мен дәстүрлерді дәріптейтін «Жыраулар жолымен» мәдени жобасы мен  Dastur-fest  фестивалі ұйымдастырылды. Ақмола облысында көрермендерге «Көктем-керуені» атты ұлттық-танымдық бағдарлама ұсынылды. Ал Қарағанды облысында «Наурыз тойы – мереке, салт-дәстүрім – береке» атты тарихи-этнографиялық кеш, digital форматтағы байқау және  Nauryz: Inspired by Traditions  фестивалі өтуде. Маңғыстау облысында халықтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына арналған театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылуда.

Осылайша, Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні Наурызнама онкүндігін жалғастыра отырып, дәстүр мен жаңашылдықты өнер, ағарту ісі және халықтың рухани мұрасына деген құрмет арқылы тоғыстыратын ерекше мазмұнға ие мерекелік күн ретінде аталып өтуде.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.