Қағаз жүзінде ғана кәсіби мамандар кейін әлеуметтік көмекке тәуелді болып қалуы мүмкін – Әбутәліп Мутәлі

Уәкілетті органның мәліметі бойынша, соңғы жылдары 25 университеттің 60 лицензиялық қосымшасы тоқтатылған. Демек, саладағы жүйелі құқықбұзушылықтарды жою мен бақылау тетіктерін күшейту бойынша тиянақты жұмыс кажет.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Әбутәліп Мутәлі Премьер-министр Олжас Бектеновке жоғары оқу орындарының сапасын бақылауды цифрландыру туралы депутаттық сауал жолдады,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Алдымен депутат жаңа Конституцияда елдің табысты дамуының және әділ, прогрессивті Қазақстанды құрудың қозғаушы күші ретінде адам капиталына басымдық берілгенін атап өтті. Бұл мемлекеттің білім саласына басым көңіл бөлуі керек екенін білдіреді.

«Соңғы жылдары жоғары және орта білім беру жүйесінде дабыл қағатын жағдайлар болуда. Кейбір жекеменшік университеттерде, колледждерде студенттерді ресми тіркейді, бірақ әрі қарай студент оқу үдерісіне қатысып жатыр ма, оқу бағдарламасын меңгеріп жатыр ма,  бұл жағынан білім беру мекемесі салғырттық танытуда.   

Яғни, студенттер оқуға қабылданғандар тізімінде болғанымен, іс жүзінде сабақтарға қатыспайды немесе бағдарламаларды аяқтамайды, бірақ  дипломын маман болып шықты деп кедергісіз алып жатыр.

Болашақта мұндай қағаз жүзінде ғана кәсіби мамандар жетістікке жете қояды деп сену қиын. Керісінше, өмірін жеңілдетемін деп кейін жұмыссыздық нарығын толтырып, мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларының көмегіне тәуелді болып қала ма деген күдік бар», – деді депутат.

Депутаттың айтуынша, ең сорақысы, академиялық жүйеге хакинг жасадым деп жүрген мамандар жалпы отандық университеттер қауымдастығының имиджіне залал келтіреді. Бұл жасанды шындық үкіметтік бақылау нәтижелерімен расталды. Уәкілетті органның мәліметі бойынша, соңғы жылдары 25 университеттің 60 лицензиялық қосымшасы тоқтатылған. Демек, саладағы жүйелі құқықбұзушылықтарды жою мен бақылау тетіктерін күшейту бойынша тиянақты жұмыс қажет.

– 2026 жылдың 10 ақпанында өткен кеңейтілген Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру ісінде жүйелік мәселелердің сақталып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ ол кадрларды даярлау жасанды интеллект пен жаңа технологиялардың дамуынан артта қалып отырғанын, оқу бағдарламалары мен стандарттары заманауи мамандықтардың талаптарына сай келмейтініне назар аударды.

Бүгінгі жағдайда білім беру сапасын бақылаудың дәстүрлі әкімшілік тетіктері жеткіліксіз. Цифрландыру дәуірінде білім беру саласында қалам-қағазбен жұмыс істеу ұтымсыз. Ал біздің жастарымыз осындай кемшіліктерден зардап шегуде.

Аралық және қорытынды емтихандар мен аттестацияларды цифрландыру ерекше маңызға ие. Прокторинг пен жеке басты сәйкестендіруді пайдалана отырып, осы рәсімдерді цифрлық форматта жүргізу білім беру процесінің ашықтығын қамтамасыз етеді, сыбайлас жемқорлық және субъективті тәуекелдерді азайтады, нәтижелерді автоматты түрде тіркейді және бағалауды қолдан өзгерту мүмкіндігін болдырмайды. Біз университеттердің әділетсіз тәжірибесіне цифрлық тосқауыл қоюымыз керек,  деп түсіндірді депутат.

Осы ретте Әбутәліп Мутәлі мемлекет ең үздік халықаралық стандарттарға сәйкес озық білім беруге жағдай жасауы қажет екенін ерекше атап өтті.

– Дәл осы цифрлық аттестаттаудың объективті нәтижелері білім беру ұйымдарының жауапкершілігін арттыру және кадрларды даярлау сапасына мемлекеттік бақылауды күшейту үшін негіз болуға тиіс.

Қолданыстағы білім беру стандарттары мен бақылау тетіктері қазіргі цифрлық жүйелердің мүмкіндіктерін ескермейді. Осыған байланысты көптеген жоғары оқу орындарында білімді тексеру формалды болып қала береді және мамандарды даярлаудың тиісті сапасын қамтамасыз етпейді, – деді Мәжіліс депутаты.

Депутат Әбутәліп Мутәлі жоғарыда айтылғандарға байланысты Үкіметке ұсыныстарын айтты.

  1. Жасанды интеллект базасында прокторингті, жеке тұлғаны цифрлық сәйкестендіруді және талдамалық жүйелерді, сонымен қатар жоғары оқу орындарында білімді бақылаудың цифрлық технологияларын міндетті түрде пайдалана отырып, жоғары білімнің мемлекеттік стандарттарына өзгерістер енгізуді қамтамасыз етуді және «Мемлекеттік бірыңғай прокторинг жүйесін» енгізуді;
  2. Нақты мерзімдері, жауапты тұлғалары және енгізу тиімділігін бағалау көрсеткіштері бар жоғары оқу орындарында оқу процесін бақылаудың және аттестаттау рәсімдерінің цифрлық құралдарын енгізудің Жол картасын әзірлеуді және ұсынуды сұраймын.