Атажұртын аңсап келген жас жігіттің басты мақсаты — өз тегін анықтап, туған жерінің тарихымен тереңірек танысу.
Америкалық отбасы асырап алған қазақ жігіті Қостанайда балаларға ағылшын тілін үйретіп жүр
Фото: kstnews.kz
296
оқылды

Америкалық отбасы асырап алған қазақ жігіті арнайы бағдарлама аясында Қостанайға келіп, балаларға ағылшын тілін үйретіп жүр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты 24KZ арнасына сілтеме жасап.

Атажұртын аңсап келген жас жігіттің басты мақсаты — өз тегін анықтап, туған жерінің тарихымен тереңірек танысу.

Алекс 2001 жылы Жезқазған қаласында дүниеге келген. Бір жасында оны америкалық отбасы асырап алып, Пенсильвания штатындағы Филадельфия қаласына алып кеткен. Сол жақта білім алып, ер жеткен ол бүгінде «жаным да, қаным да қазақ» екенін мақтанышпен айтады.

«Ес білгелі туған жерге деген ықыласым ерекше болды. Қазақстанға келіп, білім беру мүмкіндігі ұсынылғанда қуана келістім. Бұл ел маған қатты ұнады. Қазақ халқының қонақжайлығы мен жомарттығына тәнті болдым. Америкада өскенде қазақтар көп болмады, сондықтан өз елім туралы білетінім аз еді. Қазір туған жерімді танып-біліп жатқаныма қуаныштымын», – дейді Алекс Дворниковский.

Оның ағылшын тілін оқыту әдісі оқушыларға да ұнап отыр. Қазіргі таңда ол түрлі деңгейдегі төрт топқа сабақ береді. Шәкірттерінің айтуынша, ойын және пікір алмасу форматындағы сабақтар қызықты әрі тиімді өтеді.

Алекс қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына ерекше қызығушылық танытады. Сонымен қатар қазақ тілін үйренуге де ниетті. Болашақта Орталық Азияның мәдениеті мен тарихын ғылыми тұрғыда зерттеуді мақсат етеді.

«Орталық Азия – әлі де терең зерттеуді қажет ететін өңір. Өкінішке қарай, бұл туралы ағылшын тілінде сапалы деректер аз. Болашақта осы олқылықтың орнын толтырғым келеді», – дейді ол.

Бағдарлама шарттарына сәйкес, Алекс маусым айының соңында АҚШ-қа оралуы тиіс. Алайда ол Қазақстанға қайта келуді жоспарлап отырғанын айтты.