Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиынға қатысты.
Ата заң – мемлекет мүддесінің болаттай берік қалқаны
92
оқылды

Құрмет қарауылы Қазақстан Респуб­ли­ка­сының жаңа Конституциясын салтанатты түр­де ортаға алып шыққан соң еліміздің Әнұра­ны орындалды.

Орталық референдум комиссиясының тө­рағасы Нұрлан Әбдіров жаңа Конституция жо­басы бойынша республикалық рефе­рен­дум­ның қорытындысын жариялады.

Содан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Рес­пуб­ли­­касының Конституциясына және «2026 жыл­ғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Рес­публикасының Конституциясын іске асы­ру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.

Салтанатты рәсімнен кейін Президент сөз сөйледі. 

– Бүгін баршаңыз тарихымыздағы аса маңызды, мән-мағынасы айрықша, ел өмі­рін­де өшпес із қалдыратын оқиғаның куәсі бол­дыңыздар. Мен Мемлекет басшысы ре­тін­де бүкіл халық атынан Ата заңымызға қол қой­дым. Сонымен қатар Конституцияны іс­ке асыру жөніндегі шаралар туралы Жар­лық­қа қол қойдым.

Енді Халық Конституциясы 1 шілдеден бас­тап ресми түрде өз күшіне енеді. Ал Конс­ти­туция күнін мемлекеттік мереке ретінде ұлт­тық деңгейде жыл сайын 15 наурызда атап өте­тін болдық. Еліміздің барша халқына Ата заңы­мыз құтты болсын дегім келеді! – деді Мем­лекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Конс­титуция – мемлекетіміздің ұзақмерзімді мақ­сат-мұратын айқындайтын, ұлтымыздың ке­лешек тағдырына тікелей әсер ететін тари­хи құжат. 

– Бұл – шын мәнінде Халық Консти­туция­сы. Оның жобасы шамамен екі жыл бұ­рын пысықтала бастады. Кейін мұқият тал­қыланып, зерделеніп жазылды. Конс­ти­туциямыз – табанды ұжымдық еңбектің нә­­­­тижесі.

Біз бүгін бір ел болып ұлт жылнамасының жаңа межесіне өттік, түбегейлі өзгерістердің са­­пасы және мазмұны ерекше бірегей ке­зеңі­не аяқ бастық. Кеше ғана елімізде жал­пы­ха­лық­тық референдум ойдағыдай өтті. Оған жұрт­шылық жаппай белсене қатысты. Аза­маттарымыз өз таңдауын жасады, халқымыз бір кісідей жаңару мен жаңғыру жолын жақ­тап дауыс берді. Халқымыз Отанымыздың бо­­­­­лашағы үшін өте жауапты сәтте жұмыла ең­бек етті, ортақ іске орасан зор үлес қосты. Ұлы Абайдың «Бірлік – ақылға бірлік» деген өсиет сөзі осындай кезде айтылған болса ке­рек.

Бұл референдум берекелі бірлік пен ырыс­ты ынтымағымыздың тағы бір өнегелі көрінісі және нышаны болды. Біз халқымызға тән нағыз отаншылдық рухын сезіндік, олар­дың риясыз қолдауына куә болдық, – деді Мемлекет басшысы.

Президент осы тұста мемлекет тағдырына бей­жай қарамай, дауыс беру науқанына атса­лысқан барша азаматқа зор алғыс айтты. Ұлт мүддесін терең түсініп, Ата заңды қолдап, дауыс беруді тарихи миссия санаған жұрт­шы­­­­лыққа шынайы ризашылығын білдірді. 

– Бұл орайда Павлодар, Ақтөбе, Маң­ғыс­тау, Жамбыл, Түркістан, Шығыс Қа­зақ­стан, Жетісу, Қызылорда облыстарының жә­не басқа да аймақтардың Ата заңды ма­құл­дап, дауыс берген тұрғындарына алғы­сым­ды айтқым келеді. 

Сондай-ақ осы тұста Қазақстан жас­тары­ның ерекше белсенді болғанын атап өту қа­жет. Олар заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев ай­тып кеткен «ұлттық жауапкершіліктің» озық үлгісін көрсетті. Мұны заңды құбылыс деп айтуға толық негіз бар. Өйткені жаңа Конс­титуция, ең алдымен, өскелең ұрпақтың игілігі үшін қабылданып отыр.

Бұған дейін де айттым, қазір де қайта­лай­мын: еліміздің болашағы – жастарымыздың қо­лында! Мемлекет басшысы ретінде мен сіз­дерге сенемін, зор үміт артамын! Жас­тары­мыздың қарым-қабілеті айрықша, та­лант-дарыны мол, әлеуеті зор, күш-жігері мық­ты! Қазақстанды әлемдегі ең озық, да­мыған елдердің қатарына қосатын да – сіз­дер! Бұған еш күмәнім жоқ! Бүгін төрге озып, тұғырына қонған жаңа Халық Конституциясы сіздерге бағдар беретін темірқазық болады. Себебі, бұл – келер ұрпақпен бірге жасай бере­тін қасиетті құжат, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еленген еңбектің өлшемі

Мемлекет басшысы осы орайда Конс­ти­туциялық реформа жөніндегі комиссияның нә­тижелі еңбегіне айрықша тоқталды. Ко­миссия мүшелері өте ауқымды, тиімді жұ­мыс ат­қарып, мемлекет пен қоғамның өзара се­ні­мі және серіктестігі аса маңызды екенін ай­қын көрсетті. 

– Жалпыұлттық коалиция мүшелері де қа­жырлы қызмет етті. Олар жаңа Конс­ти­туция­­ның мән-мазмұнын жұртшылыққа кеңі­нен түсіндіріп, қажетті үгіт-насихат жұ­мы­сын ойдағыдай атқарды. Бүгін осы тарихи сәтке орай, мен Комиссия құрамында болған барша азаматқа және Коалиция мүшелеріне ерекше ризашылығымды білдіремін.

Еліміздің әр аймағы, ауданы мен қала­сын­­да қоғамдық белсенділер, олардың ішін­де еріктілер, яғни волонтерлер жоғары аза­мат­тық жауапкершілік танытып, Халық Конс­титуциясының қабылдануына зор үлес қосты. Баршаңызға рақметімді айтамын.

Біз Халық Конституциясын келешек ұр­пақ алдындағы жауапкершілігімізді терең се­зіне отырып қабылдадық. Ата заң – қуат­ты, күшті, бәсекеге қабілетті Қазақстанның жаңа Жарғысы. Жаңа Конституция – көне за­маннан бері бабаларымызға бағдар болған дала заңдарының бүгінгі жалғасы, ұрпақтар ара­сындағы сабақтастық көрінісі. Заман та­ла­бына сай жаңғырған бас құжат мем­ле­кет­тігіміздің сан ғасырлық тарихынан хабар бе­ре­ді. Қазіргі Конституция нағыз Ұлт заңы де­ген атқа лайық. Оның өне бойында баба­лары­мыз аманат еткен елдік пен ерлік рухы, салт-дәстүр, жасампаздық және жаңашыл­дық ұғымдары тоғысқан, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ай­туын­ша, Ата заң – мемлекет мүдде­сінің болаттай бе­рік қалқаны. Консти­туциямыздың ең басты мақсаттары – жеріміздің тұ­тас­­тығын, еліміздің Тәуелсіздігі мен еге­мен­дігін қорғауға, азаматтарымыздың құ­­қықтары мен бос­тан­дықтарын сақтауға, қо­ғамдық әді­лет пен заң үстемдігін ны­ғай­туға кепіл­дік беру, сондай-ақ білім, ғы­лым, инновация мен мәдениетті дамыту, та­залықты дәріптеп, табиғатты қорғауды қамтамасыз ету. 

– Мемлекетіміздің бас құжаты – ха­лық болмысының мызғымас ныша­ны, берекелі ауызбіршілігіміздің сим­во­лы. Азаматтарымыз таңдаған жаңа Конс­титуция Қазақстанның жаңа дәуі­рі­не жол ашады! Қазақстан – аяғына нық тұрған, халықаралық беделі биік мем­лекет. Еліміз ішкі тұрақтылығын сақтап, өзге жұртпен достық қатынас орнатып, зор сеніммен алға қарай қадам басып келеді. Енді мем­лекетіміз дамудың даңғыл жолына түседі. Сондықтан бізге татулық пен достық, сабырлық пен табандылық, жа­сампаздық пен ұқыптылық, еңбекқорлық пен сенімділік ауадай қажет. Біздің биік мақсаттарымыз, нақты жоспарларымыз бар. Көп созбай бәріміз осы міндеттерді іске асыруға кірісуіміз керек, – деді Мемлекет бас­шысы.

Президент Халық Конституциясын әзірлеу мен қабылдау жалпыұлттық бірліктің салтанат құрғанын, жаңғыру стратегиясы мен реформалар жаппай қолдау тапқанын аңғартатынын жеткізді. 

Әрине, бұл құжаттың тарихи маңы­зына қазіргі қоғам мен келер ұрпақ баға береді. Ал бізге мемлекеттілік жылна­масын жазу миссиясы жүктелді. Бұл – абыройлы әрі жауапты миссия. Сонымен бірге азаматтық ой-пікірің арқылы туған Отаныңның даму бағдарын белгілеуге берілген сирек мүмкіндіктердің бірі, тағдырдың сыйы. Сондықтан бәріміз тарихи әрі ұлы бетбұрыстың бел орта­сынан табылып, тағдыршешті сәтке куә болдық деп сеніммен айта аламыз.

Референдумға қатысып, азаматтық жауапкершілік пен отаншылдық таныт­қан баршаңызға алғыс айтамын. Әсіресе, жастарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Жас буын ел жылнамасына есімдерін алтын әріппен жазып, Ата заң авторларының біріне айналды. Қазақ­станның бүгіні мен келешегі жастардың қолында. Бұл – ешқандай ұран емес, қара­пайым өмір заңы, мемлекеттік сая­сатымыздың өзегі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Халықаралық аренадағы абырой

Мемлекет басшысы референдумның табысты өтуіне орай өз атына дос­тас мемлекеттердің басшылары мен халық­аралық ұйымдардың жетекші­лерінен құттықтаулар келіп түсіп жат­қанын айтты. 

– Орайлы сәтті пайдалана оты­рып, халқымызға қолдау көрсетіп, тілек­тес­тіктерін жеткізген әріптестеріме ри­за­шылық білдіремін. Алдымызда ау­қымды жұмыс тұрғанын, біз мемле­ке­тімізді жан-жақты жаңғырту жолын енді ғана бастағанымызды айрықша атап өт­кім келеді. Дүние дүрбелеңге толып, айналамызда тұрақсыздық белең алған жағдайда бұл жолды еңсерудің оңай болмайтыны, түрлі кедергімен бетпе-бет келетініміз анық. Алайда жол­дың қиын­дығына қарамай, алға қадам ба­суымыз керек. Ол үшін ұлтымыз ауыз­біршілік танытып, жауапты әрі жасам­паз патриотизмнің, терең білім мен кәсі­биліктің үлгісін көрсетуі қажет. Біз көздеген мақсатымызға жетеміз. Жеңімпаз болуға міндеттіміз!

Мен бүгін қол қойған Жарлық Ата заң ережелерін жүзеге асырудың негізгі бағыттары мен шараларын айқындайды. Көп ұзамай Парламент қарауына Пре­зидент, Құрылтай, Халық Кеңесі, Астана­ның мәртебесі және еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жаңа бес конституциялық заң енгізіледі. Сонымен қатар сегіз конституциялық заң­ға және 60-тан астам заңға, соның ішінде негізгі кодекстерге түзетулер енгізу қажет. Заң шығару үдерісі алдағы Парламент сай­­лауымен қатар жүреді. Сайлауды жаңа сессияның ашылуына дейін өткізу жоспарланып отыр. Сол уақытқа дейін тиісті заңнамалық база әзірлеуді толықтай аяқтаған жөн, – деді Президент.

Елімізді құқықтық және саяси тұрғы­дан түбегейлі жаңғырту жыл соңына дейін, тіпті келесі жылы да жалғасуы мүм­кін. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сө­зінше, алдымызда қазіргі билік ин­ституттарын реформалап, жаңасын құру, сондай-ақ олардың құрылымы мен кадрлық құрамын өзгерту міндеті тұр. Конституцияның тың қағидаттары құқықтық, экономикалық, қоғамдық-саяси өміріміздің, басқаша айтқанда, тұтас тыныс-тіршілігіміздің ажырамас бөлшегіне айналады. 

– Халық Конституциясы – стра­тегиялық сенім мандаты және ұзақ­мерзімді мақсаттар мен өрлеу жолына бастайтын жаңа қоғамдық келісім. Сон­дықтан еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты деп сеніммен айтуға бола­ды. Соған сәйкес, мемлекет пен аза­маттардың ықпалдастығы қайта жаңғыруы қажет.

Өздеріңізге мәлім, былтыр қылмыс­тық жауапкершілікке тартылғандарға рақымшылық жасалды. Енді азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша тағы да рақымшылық жариялауға болады. Елімізде әкімшілік істер бойынша рақымшылық алғаш рет жасалатынын атап өткім келеді. Парламент қазіргі сессияның соңына дейін тиісті заң қабылдауы керек. Бұл – Негізгі заң­дағы адамгершілік идеалдары мен прог­­рес­сивті құндылықтарды қоғамда ор­нық­тыратын маңызды қадам.

Жаңа Конституция – халқымыздың ынтымақ-бірлігінің жарқын сим­волы. Оның баптарында әрбір қазақстан­дықтың арманы мен аңсары, ұрпағының баянды болашағына деген үміті мен сенімі көрініс тапқан. Ата заң барша азаматтың – Отанымыздың шынайы патриоттарының басты бағдарына ай­налады. Қазақстанның жаңа Консти­туциясы – әлемдік өркениеттің биі­гіне бет алған ұлтымыздың берік әрі мыз­ғымас тұғыры. Менің бұған еш­қан­дай күмәнім жоқ. Сіздердің де шүбәларыңыз болмайды деп ойлаймын, – деді Мемле­кет басшысы.

Президент жаңа Конституцияны қа­­былдау – ұлттың жаңа сапасын қа­лып­­тастыру екенін атап өтті. Бұл – дұрыс пен бұрысты тани білетін, жақсы мен жаманның ара-жігін ажырата ала­тын, кемеліне жеткен жұрттың ғана қолы­нан келетін іс. Жаңа Конституция елдігі­міздің тірегі, егемендігіміздің тұ­­ғыры болады. Оның әр нормасы, әр тармағы Тәуелсіздігімізді нығайта түс­пек.

– Әділдік қағидаты бас құжаттың өзегіне айналды. Сондықтан жаңа Ата заңды Әділетті Қазақстанның төлқұжаты десек, қателеспейміз. Мен ел Президенті және Конституция кепілі ретінде бас құжаттағы ережелердің мүлтіксіз орын­далуы үшін бар күш-жігерімді саламын. Жаңа Конституциямызға сәйкес адал қызмет етуге серт беремін. Еліміз әр­қашан өсіп-өркендей берсін! Қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасы мәңгі жасасын! – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.