Батыс Қазақстан облысының көпбейінді ауруханасының дәрігері Таубай Байжекенов Астанадан Оралға ұшып бара жатқан ұшақ бортында толғағы басталған жүкті әйелге медициналық көмек көрсетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Кеше Астана–Орал рейсінде ерекше жағдайға тап болдым. Ұшу кезінде жүктіліктің 27-аптасындағы әйелде мерзімінен бұрын босану басталды. Суы кетіп, жедел түрде медициналық алғашқы көмек көрсетуге тура келді. Мұндай сәттерде дәрігер үшін сабыр сақтап, бар білім мен тәжірибені дұрыс қолдану аса маңызды. Нәтижесінде ұл бала дүниеге келді. Барлығы сәтті аяқталды. Осындай сәттер менің мамандығымның қаншалықты жауапты әрі маңызды екенін тағы да еске салады», – деп жазды дәрігер Threads желісіндегі парақшасында.
Әуе кемесінің экипажы астананың әуежайына кері қайту туралы шешім қабылдап, жүкті әйелді жедел жәрдем қызметіне тапсырды.
Министрлік дер кезінде көмекке келген дәрігерге алғыс білдірді.
«Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Батыс Қазақстан облыстық көпбейінді ауруханасының қабылдау бөлімінің хирургі Таубай Байжекеновке жоғары біліктілігі, қайсарлығы және дәрігерлік борышына адалдығы үшін шынайы алғыс білдіреді», - делінген хабарламада.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.