Қытай билігі қауіпті вирустың таралуына жол бермеуге тырысып бағуда, індеттен қайтыс болғандардың саны 18-ге жетті. Елде пайда болған жаңа вирусқа ғалымдар тәж вирусы деген ат беріп отыр. Жұқпалы ауру тыныс жолдары арқылы адамнан адамға беріледі, оны Қытайдың 25 провинциясы мен қалаларында 600-ден адам жұқтырып үлгерген, – деп хабарлайды Би-би-си. Айта кетейік, 24 қаңтарда ауру жұқтырғандар саны 830-ға жетіп, 25 адам көз жұмғаны туралы ақпарат тарады.
Тәж вирусы ҚХР шекарасынан асып, АҚШ, Таиланд, Оңтүстік Корея, Жапония және Вьетнам мен Сауд Арабиясына жетті.Сәрсенбі күні ҚХР билігі Ухань қаласын карантинге жабу туралы шешім қабылдаған. Себебі, вирус алғаш рет дәл осы Уханьда тіркелді. Хубэй провинциясындағы Ухань қаласында 8,9 млн (кейбір деректе 11 млн) тұрғын бар. Бейсенбіде Бейжің тағы бір қалада карантин жариялады. Уханьнан 70 шақырым жердегі Хуанган қаласында 7,5 млн халық тұрып жатыр. Жағдайдың ушығуына байланысты ресми Бейжің елде Жаңа жыл мерекесін жаппай тойлауға тыйым салды, деп хабарлады Bejing News газеті.
Тәж вирусы деген атау берілген індет туралы бір анық мәлімет бар, оны жұқтырған адамның өкпесі қабынып, пневмония дертіне шалдығады.Ғалымдар тәж вирусы SARS вирусының өзгеше бір түріне жатады деген тұжырым жасады. Айта кетейік, SARS 2002-2003 жылдары Қытайда қатты тарап, 8098 адам ауырып, 774 тұрғынның өмірін жалмаған. Қытай эпидемиологтары инфекция Ухань қаласында орналасқан теңіз өнімдері мен жануарлар өнімін сататын «Хуанань» базарынан тарады деген қорытындыға келді. Қала басшылығы барлық өнімді сатуға шектеу қойып, сауда орындарын жапқан. 25 қаңтарға қараған түн – ҚХР күнтізбесі бойынша Жаңа жылдың бастауы саналады. Дегенмен, билік халыққа жылдағыдай жаппай қыдыруды тоқтатып, үлкен шараларға бармауға кеңес берді. Ал, карантинге жабылған екі қалада көлік қатынасы мүлдем шектелді. Алайда, әлемдік сарапшылар ауру ошағы деп танылған тұтас қаланы карантинге жауып тастау мәселені шешпейтінін айтады. Ухань – Қытай өлшемімен шағын қала саналғанымен, дүниежүзінде көлемі жағынан 42-орында тұр. «Жалғыз-ақ жол қалың әскермен қаланы түгел қоршап, ұшқан құс, жүгірген аңды кіргізбеу үшін әрекет жасамаса, басқа шектеулер індеттің таралуына бөгет бола алмайды», – деген пікір айтады bbc.com-ға Сидней университетінің сарапшысы Адам Камрадт-Скотт. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дәл қазір барлық мемлекетке сақтық шарасын сақтап, авиатасымалдауға шектеу қоюды ұсынып отыр. Сингапур, Гонконг және Токио қалалаларындағы әуежайларға сканерлер орнатылып, жолаушылардың жағдайы қатаң бақылауға алынуда. Сондай-ақ, АҚШ-тың Сан-Франциско, Лос-Анджелас және Нью-Йорк қалалары да түрлі шара қабылдап жатыр. Ескерте кетейік, ҚХР-ның Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінде де (ШҰАӨ) коронавирустың жаңа түрін жұқтырған екі жағдай тіркелді. Олар Ухань қаласына барған, – деп хабарлайды ҚазАқпарат «Тяньшаньнет»-ке сілтеме жасап. Вирус жұқтырған екі ер адам қазір ауруханада емделіп жатыр. Дегенмен, Қытайда өршіп жатқан тәж вирусы Қазақстан аумағында тіркелген жоқ. Елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жандарбек Бекшин осылай деп мәлімдеді.
«Ухань қаласынан Қазақстанға тікелей рейс жоқ. Бірақ Алматыдан ҚХР-ға – 5 рейс, Нұр-Сұлтан қаласынан 3 рейс бар. Осы рейстерге үлкен мән беріледі. Сондай-ақ, шекаралық жерлерде де жағдай қатаң бақылауға алынған. Екіншіден, ұшақтағы экипаж мүшелерімен жұмыс жасап жатырмыз. Оларға ауру белгілері қандай болатынын түсіндірілуде. Ұшақтар 6 сағаттан астам уақыт ұшады. Сол кезде жолаушылардың дене қызуы көтерілсе, жөтелсе, ентіксе, бойын әлсіздік билесе – мән берулері керек. Тұмау мен коронавирустық инфекцияның белгілері ұқсас, осы жағынан анықтауға қиындық туады», – деді Ж.Бекшин.ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, ауру ошағы атанып отырған Ухань қаласында қазақстандық 94 студент білім алуда. Қытай билігі карантинге жабылған қаладан шығуға және кіруге қатай тыйым салынды. Әзірге жабық қаладан қазақстандық студенттерді шығаруға мүмкіндік жоқ. Денсаулық сақтау министрлігі оларды тексеріп, ем шараларын жасап барып, қайтару жағын қарастыру керек екенін айтады.