Ұлттың ұлық мейрамы – Наурыз бірінші кезекте жаңару мен жаңғырудың символы. Көктеммен бірге көктеп бүршік жаратын ағаш егу де көнеден келе жатқан игі дәстүрдің бірі.
Табиғатқа жанашырлық – тектілік
108
оқылды

Табиғаттың осы бір ерекше мезгілі тек жыл мезгілінің ауысуы ғана емес, халықтың тұтастай рухани жаңғыруы мен ізгі істердің бастауы сияқты. Әсіресе, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен астасып жатқан ағаш отырғызу дәстүрі бүгінгі күні елдік маңызы бар ауқымды бастамаға айналғанын атап өткен жөн. «Бір тал кессең, он тал ек» деген аталы сөз – енді жай ғана нақыл емес, нақты іске айналған ұлттық ұстаным десек те, артық айтпаспыз. 

Бүгінде Қазақстанда қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық тепе-теңдікті сақтау мемлекеттік саясаттың да аса маңызды бағы­тына айналды. Мемлекет басшы­сы­ның бастамасымен қолға алын­ған орман қорын ұлғайту, елді ме­кендерді көгалдандыру жұмыс­тары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл жұмыс Ақмола облы­сында да аса үлкен қарқынмен іске аса бастады.

Ақмола облысының орман қо­ры біраз жыл оталып азайып кет­кенімен, мемлекет тарапынан жүр­гізілген арнайы бағдарла­малар­дың көмегімен қалпына келуде. Бүгінде жалпы аумағы 1,1 млн гек­тарды құрайтын орман қорының 445,3 мың гектары жасыл желекпен көмкерілген. Бұл – облыс аумағы­ның 3 пайызы. Алайда соңғы жыл­дары осы көрсеткішті арттыру ба­ғытында жүйелі жұмыстар жүр­гі­зіліп, нақты нәтижелерге қол жет­кізіліп келеді.

Әсіресе, облыс әкімдігіне қа­рас­ты 405,1 мың гектар орман қорының ішінде 235,1 мың гектар жердің қайтадан орман ресурсына айналуы – оң динамиканың айқын дәлелі. Кейінгі бес жылда өңірдің орманмен көмкерілген аумағы 11 мың гектарға ұлғайғаны анықтал­ды. Бұл – жай статистика емес, табиғатты қалпына келтіру бағы­тындағы табанды еңбектің жемісі екені даусыз.

Мәселен, 2020 жылғы Жолдауда қойылған ел бойынша 2 миллиард ағаш отырғызу тапсырмасы Ақмола өңірінде де табысты жүзеге асқан. 2021-2025 жылдар аралығында облыс бойынша жалпы көлемі 74 миллион түп ағаш отырғызылып, 11 мың гектар жер жасыл желекке айналған. Әр жылдағы көрсеткіш­тер жоспардан асыра орындалға­нын аңғартады. Мысалы, 2022 жы­лы жоспар 185 пайызға орын­далса, 2025 жылы 119 пайызға жет­кізілген. Бұл  орман шаруашылығы мекемелерінің кәсіби деңгейі мен жауапкершілігінің жоғары екенін айғақтай түседі.

Құзырлы органдардың дерегіне сенсек, ағаш егу бағытында көздел­ген алдағы жоспарлар да аса ауқым­ды. Жалпы, жеті жылдық межеде 150 миллион ағаш отырғызу көз­делсе, оның 86 миллионы 2026-2027 жылдарға тиесілі болмақ. Тек биылдың өзінде 20 миллион түп ағаш отырғызу міндеті қойылып отыр. Бұл – тек сан емес, болашақ ұрпаққа қалатын экологиялық мұ­ра болатыны сөзсіз. Мұны облыс­тық Табиғи ресурстар және таби­ғат­ты пайдалануды реттеу бас­қар­масының басшысы да атап өтті. 

– Ағаш отырғызу ата-бабамыз­дан келе жатқан игі дәстүр, таби­ғатқа жанашырлықтың нақты кө­рінісі. Бұл  тек бүгінгі күннің емес, келер ұрпақтың қамы үшін жаса­латын сауапты іс. Әрбір егілген тал елдің ертеңіне қосылған үлес. Сон­дықтан бұл бастаманы тек нау­қан ретінде қолдап қоймай емес, өмір салтына айналдыруымыз ке­рек, – дейді басқарма басшысы Джа­нет Микишев.

Орманшылардың айтуынша, орман өсірудің табысты болуы ең алдымен сапалы көшетке байла­нысты. Бүгінде облыста 11 орман кө­шетжайлары жұмыс істейді. Олар­дың жалпы аумағы 189,7 гек­тарды құрайды. Оның ішінде үш ірі базистік көшеттер мен және сегіз уақытша көшет орындары бар. 

– Кейінгі жылдары ағаш кө­шет­теріне деген сұраныстың ар­туы­на байланысты жаңа техно­логияларды енгізу қажеттілігі туын­дады. Осыған орай Зеренді ау­данында заманауи талаптарға сай жаңа көшетжай салынып жатқанын атап өткен жөн. Жобаның ерек­ше­лігі – жабық тамыр жүйесімен кө­шет өсіру технологиясын енгізуге бағытталып отыр. Бұл көшеттердің өміршеңдігін арттырып, орманды қалпына келтіру тиімділігін кү­шейтпек, – дейді Кіші Түкті орман шаруашылығының басшысы Ба­тырбек Байәділов.

Сонымен қатар жеке сектордың әлеуетін пайдалану да назардан тыс қалмаған. Аталған жұмысты жүзеге асыру мақсатында «Қазақстан Ор­маны» серіктестігімен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұ­мыс жүргізу жоспарлануда. Бұл жо­ба іске асса, жылына ондаған мил­лион көшет өндіруге мүмкіндік тумақ.

Орманды сақтау мен көбейту – тек ағаш отырғызумен шектелмек емес. Бұл – кешенді, үздіксіз ең­бек­ті талап ететін сала екені рас. Со­ның жарқын мысалы – Маралды және Кіші Түкті орман шаруа­шылықтары. 

Мәселен, Маралды орман ша­руа­шылығы ондаған жылдар бойы өңірдегі орман қорының ежелден келе жатқан байлығын сақтап, жыл өткен сайын көбейтіп келеді. 24 мың гектардан астам аумақты қам­титын бұл мекемеде көшет өсіру, орманды қалпына келтіру, жас екпелерді күтіп-баптау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. Тек 2025 жылдың өзінде ғана мұнда 1,7 миллионға жуық көшет өсіріліп, 170 гектар жерге отырғызылған. 

Ал Кіші түкті орман шаруашы­лығы табиғатты қорғаудың кешенді үлгісін көрсетіп отыр. Мұнда өрт­тің алдын алу, зиянкестермен кү­рес, орманды заңсыз кесуден қор­ғау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіледі. Жыл сайын мыңдаған гектар аумақ бақылауға алынып, профилактикалық шаралар ұйым­дастырылады. Бұл – орманшылар­дың күнделікті көзге көрінбейтін, бірақ аса маңызды еңбегі екенін атап өткен жөн.

Орман алқаптарымен қатар, өңір­де елді мекендерді көгалдан­дыру жұмыстары да қарқын алға­нын айта кеткен ләзім. Соңғы бес жылда облыс қалалары мен ауыл­дарында 507 мыңнан астам ағаш отырғызылыпты. Бұл тұрғындар­дың экологиялық мәдениеті қа­лып­тасып келе жатқанын айғақтайды.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы