Төрлет, Арғымақ жыл!

Қазақ баласының жылқы атаулыға елең етпейтіні сирек. Қылқұйрықтыға деген мұндай құрмет халқымызда қанмен, қанмен емес-ау сүйекке сіңіп, жанмен біткен қасиет болса керек.

Қиял шіркіннің көк дөненіне мініп, алыс-жақын тарихты есте жоқ ескі замандардан желден де жүйрік бүгінгі күнге дейін шолар болсақ аспанда Ақбозат, Көкбоз­ат­тар кісінеп, санаңда сағымға ор­анған сәйгүліктер жортады; тауды бұзып, тас қашаған дәуір­ден қал­ған белгі іздесең, ақтас, көктас­тардың бетінен таңбалы тұлпарлар қылаңдайды; қола қорытып, шой­ын құйған кездер­дегі құм басқан көне қоны­с­тар­дан бабалар мұра­сын аршысаң, қола­дан құйылған қазанаттар шығады алдыңнан; сақ, сармат бабалары­мыздың алтынды ап­тап, күмісті күптеп, мейманасы тасқан дәуірі­нен жеткен жәді­гер­лерден арғы­қазақтың алтын жалды арғы­мақ­тары арқырайды; көк тәң­ірге сыйынған көк түрік­тер тари­хы­нан тамыр тартсаң, мұз­дай темір құр­санған батырлар мінген тұл­пар­лар ауыздығымен алысады; Алтын орда мемлекетін құрған кез­еңге құлақ түрсең, Ақыр­ғы тең­ізге аттанған дүлділ­дер дүбірін ести­сің; бабалардың тілі кәлимаға келіп, басы сәждеге тиген кезден сыр тартсаң, пейіш­тің пырақтары келеді көз ал­дыңа; ұлы далада Қазақ ханды­ғын құ­рып, ұлт боп ұйысу жол­ы­на түскен ұлық кез­еңге үңіл­сең, «Абылайлап» ұран сал­ған хан-батырлардың ­қа­­за­­н­аттары тұя­­ғы­мен жер тарпиды; тасқа қа­ша­­лып, теріге басылып, киізге өр­нектеліп, ағашқа ой­мыш­­та­лып, темірге нақыш­тал­ған сан­сыз көп өнер туындылар­ынан саң­лақтар суырылады.

Ей, ер қазақтың баласы, бү­гінгі ұрпақтың тақымында тула­ған не­бір ағылшын, ақалтеке, араб арғы­мақтарының үзеңгісін үздіре шіре­ніп, кеудеңді шалқақ, еңсеңді биік ұстап байтақ та бос­тан еліңе көз жіберші – не көр­еді екенсің: күміс жалды құлындар құл­дыраңдап, бел­­деу­дегі бие­лер­дің желіні сыз­дайды; аламанға түсетін аттар тып­ыр­шып, үйірін үйірген айғыр­лар азынайды.

Боз биелер байырқылағанда сен де дамылдап, құтты мешін үйі­ңе қарай қадам басқанда ал­дыңнан арсалаңдап шығар ба­лаң­ды да «құлы­ным» деп еміре­нетініңді қай­терсің. Төрге озып, жарың ұс­ын­ған кесені қолыңа алсаң, сауға – қуат, ауруға – ем сапырылған сары қымыздың иісі мұрныңды жарады; таңдайдан шығар бабалар сусынын сіміре жұтып, алдындағы табаққа қол созсаң, дертке – дауа, жанға – шипа қазы-қарта, жал-жая жата­ды төңкеріліп; бой жазылып, жан сергіген тұста домбыраға қол соқ­саң, «қара жорға», «торы жорға­лар» тайпалып, әуелетіп ән салсаң, «Ақ­бақай», «Маңмаңгер», «Телқоң­­ыр­мен» тарқатасың көң­іл шерін.

Иә, қазақтың бар тірлігі адал жар, алмас қылыш, алғыр тазы, қыран бүркітпен қатар баба­лардан қалған жеті қазынаның бірі һәм бірегейі қасиетті, қанат­ты тұл­пар­лармен бірігіп, біте қайнасып кеткен.

Бар ғұмырын арғымақтың жа-л­ында өткізген ата қазақ бар тарихын тұлпардың тұяғымен жазған. 

Ұлтымызда оттан да ыстық ұғым бар, ол – Отан. Сол Отан­ның тағдыры сынға түскенде, бабалар айтқан ұрпаққа аманат болған қастерлі ұран бар. Ол – «аттан». Оның мағынасы «атқа қон», «атқа мін» екені шығар күндей шындық, атар таңдай ақиқат.

Өмірдің өзі – жалы күдір­ейген, кекілі төгілген, үзеңгілері сартыл­дап, ауыздықтары қар­шылдаған небір қағілез бас, құйма тұяқ, бота тірсек, құлан құй­рықты күлік мінгендердің аламан бәйгесі.

Бүкіл ғұмырын ат үстінде, арғымақ жалында өткізген, ана сүтімен ауызданып, жылқы сүті­мен жетілген ер қазақтың бар­ша азаматтарына әрдайым өмірдің аламан бәйгесінің алдында болу­ын тілеймін!

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД