Көкшетау қаласында Наурыз мерекесі биыл тек ән-күй, думанмен ғана емес, тазалық шарасымен де есте қалды. Кеше ғана мыңдаған адам жиналып, шаттыққа бөленген «Жаңа жағалау» бүгін мүлде басқа көрініске енді – қолдарына қап пен қолғап ұстаған қала жастары Қопа көлінің маңындағы жаңа жағалау алаңын тазартуға шықты, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше бұл – жай сенбілік емес шара – Наурызнама онкүндігінің қорытындысы яғни Тазару күні. Яғни мерекеден кейінгі ең маңызды сәт өзің тойлаған орынды өз қолыңмен ретке келтіру дейді олар.
Таңғы салқынға қарамастан жағалауға жиналғандардың қарасы қалың болды. Эковолонтерлер, белсенді жастар, қала тұрғындары – бәрін біріктірген ортақ мақсат шашылған қоқыстардан тазартып шығу болған. Осылайша кеше ғана концерт көріп, ұлттық ойын ойналған сол алаң бүгін жауапкершіліктің алаңына айналды.

Шамамен 200-ге жуық адам жағалаудағы шара ұйымдастырылған аумақты бөліп алып, бір шетінен екінші шетіне дейін түгелдей тазалап шықты. Қоқыс жиналды, көгалдар ретке келтіріліп, жағалау қайтадан жарқырай түсті. Бір күн бұрынғы қарбаластың ізі көп ұзамай көзден ғайып болды.
Қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Аянбек Халиханұлы бұл бастаманың мәнін қысқа да нұсқа жеткізді.
- Наурыз – тек тойлау емес. Ол – әрекет. Кеше демалдық, бүгін тазаладық. Міне, нағыз мерекенің мәні осы, - дейді ол.

Ал жастар үшін бұл – трендке айналып келе жатқан жаңа мәдениет үлгісіне айналған.
- Бұл жерге өзіміз күнде келіп демаламыз. Сондықтан оны таза ұстау – өзіміз үшін. Осындай істер көбейе берсе екен деймін», – дейді UNICEF еріктісі Даниял Жағыпаров.
Осылайша, Көкшетау тұрғындары Наурызды тек мерекемен емес, нақты әрекетпен қорытындылады. Тазару күні – тазалықтың ғана емес, қоғамдағы ортақ жауапкершіліктің айқын көрінісіне айналды. Өйткені, ежелден бері Наурыздың шынайы мәні – жаңару мен тазалық әр адамның өзінен басталатынын тағы бір мәрте дәлелдеген күн болды.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы