Оқиға бойынша полиция тексеру жұмысын бастап кетті.
«Пышақпен қорқытты»: Алматыда 12 жастағы баланы тонамақ болды
175
оқылды

Әлеуметтік желілерде Алматыда жасөспірімге жасалған шабуылдың бейнежазбасы тарады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оқиға бойынша полиция тексеру жұмысын бастап кетті.

Qumash Telegram-арнасының мәліметінше, оқиға Парковая көшесіндегі дүкен маңында болған. Белгісіз ер адам 12 жастағы балаға тап беріп, оның гитарасын тартып алмақ болған. Баланың анасының айтуынша, шабуылдаушының қолында пышақ болып, ол сонымен қорқытып, сес көрсеткен.

Оқиға кезінде дүкен сатушысы баланың айғайын естіп, дереу сыртқа жүгіріп шыққан. Ол қашып бара жатқан күдіктіні тоқтатуды сұрап, айналасындағыларға айғайлаған. Бірақ белгісіз адам гитараны тастай салып, оқиға орнынан бой тасалаған.

Белгілі болғандай, әйел бастапқыда дәлелдердің жеткіліксіздігіне байланысты полицияға жүгінбеген. Оның айтуынша, бейнежазбада күдіктінің бет-әлпеті анық көрінбейді.

Алматы қалалық полиция департаменті қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тексеру жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Құзырлы органдардың айтуынша, тексеру нәтижесі бойынша заңға сәйкес тиісті шешім қабылданады.

Бұл жағдайға Алматы қаласының балалар омбудсмені Диана Ерлан да назар аударды. Оның мәлімдеуінше, бала медициналық көмекке мұқтаж емес, дегенмен оған психологиялық қолдау ұсынылған. Омбудсмен баланың анасымен байланыста екенін жеткізді.