Елордадағы Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында мультфильмдер көрсетілімі өтті.
Әскери қызметшілердің балаларына қазақ анимациясының алтын қоры көрсетілді
Фото: gov.kz
81
оқылды

Мультипликациялық фильмдер циклінің коммерциялық емес көрсетілімін Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы жанындағы «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі ұйымдастырды,  – деп хабарлайды Aikyn.kz. Бұл іс-шара Президенттің ұлттық анимацияны дамыту және аудиовизуалды өнім нарығын мемлекеттік тілдегі сапалы контентпен толтыру туралы тапсырмасын орындау мақсатында жүзеге асырылуда.

Отандық үздік анимациялық туындыларды тамашалауға әскери қызметшілердің, азаматтық персоналдың, Қарулы күштер ардагерлерінің балалары мен немерелері, сондай-ақ шығармашылық взводтың сарбаздары келді.

Шараны Ұлттық әскери-патриоттық орталығы бастығының орынбасары подполковник Ерболат Жүсіпов ашып, аталған жобаның мәдени мұраны, рухани құндылықтарды сақтау мен мемлекеттік тілді дамытудағы айтарлықтай маңызына тоқталып өтті.

«Қазақфильм» киностудиясы жанындағы «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің продюсері Айнұр Исаева атап өткендей, Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың қолдауымен ұйымдастырылған мұндай көрсетілімдер енді Абай, Гвардейск, Сарыөзек және Алматы гарнизондарында да өтетін болады.

– Көрермендер назарына түрлі аудиторияның талғамына сай жанрлар ұсынылады. Оның ішінде толық метражды анимациялық ертегілерден бастап қысқа метражды авторлық киноларға дейін бар. Бұдан басқа жас көрермендер 2025 жылдың эксклюзивті премьераларын және «Қазақфильм» мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының алтын қорынан алынған анимациялық ленталарды да тамашалай алады, – деді ол.

Шара Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен өтіп жатқанын естеріңізге сала кетейік. Жобаның серіктестері – Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы, Астана қаласындағы «Арсенал» және Қарағандыдағы «Сарыжайлау» кинотеатрлары.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.