Жәрмеңкеге Атырау, Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қостанай облыстары мен Астана қаласының өндірушілері өз өнімін ұсынды.
Қымыз, талқан, тары: Астанадағы жәрмеңке қазақстандық брендтерді дәріптеді
28
оқылды

Астанада Наурыз мерекесі аясында қазақстандық өндірушілердің жәрмеңкесі ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Астана қаласы әкімдігі мен АО QazTrade қолдауымен «Астана» Халықаралық қаржы орталығының EXPO алаңында 40-тан астам жергілікті өндіруші мен киім дизайнері қатысқан жәрмеңке өтті.

Жәрмеңкеге Атырау, Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қостанай облыстары мен Астана қаласының өндірушілері өз өнімін ұсынды. Көрмеде ет және сүт өнімдері, ірімшік, қымыз, талқан, тары, бал өнімдері және ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуден өткізген тауарлар ұсынылды.

Қонақтардың ерекше назарын қымыз, талқан және тара сияқты дәстүрлі қазақ өнімдері аударды. Демонстрация мен дәм тату шаралары қатысушыларға Қазақстанның мәдени және гастрономиялық дәстүрлерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.

«Қазақ дәстүрлі тағамдары қазіргі кезде функционалды тамақ пен суперфудтарға сұранысты толық қанағаттандырады. Мысалы, құрт микроэлементтердің көзі болса, тары мен талқан халықаралық көрмелерде танымал болып келеді. Тарыдан жасалған капучино АҚШ-та да қолданысқа еніп отыр. Бұл – қарапайым, қолжетімді және пайдалы өнім, ол ішкі және сыртқы нарықта сұранысқа ие», – деді АО QazTrade компаниясының бас директорының орынбасары Айнұр Әмірбекова.

Жәрмеңкені Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов ресми түрде ашты. Іс-шара 21-23 наурыз аралығында өтеді және елорда тұрғындары мен қонақтары үшін мерекелік бағдарламаға айналды.

Жәрмеңкеде алғаш рет қатысып отырған Qazaq Apple компаниясы шоколадқа малынған алмаларды ұсынды. Сонымен қатар "Масличные культуры" ассоциациясының өнімдері де жоғары сұранысқа ие болды. Аталған қатысушылар АО QazTrade акселерациялық бағдарламасы арқылы экспорттық әлеуетін арттыруға қолдау алды.

Айнұр Әмірбекованың айтуынша, осындай көрмелер қазақстандық брендтерді насихаттап, халық арасында жергілікті өнімдерді танымал етуге көмектеседі. Жәрмеңке тек мерекелік атмосфераны толықтырмай, сонымен бірге бизнес пен дәстүрлі қазақ тағамдарын, функционалды азық-түлікті қолдаудың тиімді алаңы болып отыр.