23 жастағы жігіт әскердегі сексуалдық зорлық-зомбылық көріп, әлеуметтік желі арқылы елден кетуге көмек сұраған оқиғасы кеңінен таралды. Алайда бұл ақпарат астаналық жігіттің елді алдап, алаяқтық жасағаны анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Polisia.kz.-тің мәліметінше, алаяқтық пен жалған ақпарат таратты деген күдікпен 23 жастағы астаналық тұрғын ұсталған. Ол 23 ақпанда Threads әлеуметтік желісінде белгісіз аккаунт арқылы әскерде жүргенінде жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын және қазір қудалаудан қорқатынын мәлімдеген. Жігіт бір жыл бұрын әскерден оралса да, сұмдық оқиғаны әлі де ұмыта алмай жүргенін жазған.
Пост авторының сөзінше, командирі оны қорқытып, жыныстық сипаттағы әрекеттерге мәжбүрлеген. Жазбада желі қолданушыларының назарын аударатындай егжей-тегжейлі мәліметтер келтірілген. Оқиғаның «қорқынышты» тұстарын баяндап, өзіне қаржылай көмек сұраған. Айтуынша, ол өзіне қауіп барын алға тартып, шетелге кетуді ойлаған. Өйткені ол осы жағдайдан кейін депрессияға түсіп, бұрынғыдай қызымен қарым-қатынасын жалғастыра алмайтынын жазған. Сөйтіп, банк реквизитін де көрсеткен.
Алайда шотты тексеру үшін полицияға бір желі қолданушысы жүгінген. Соның арқасында жазба авторы ақпаратының жалған екені анықталды. Өйткені есепшот иесі 17 жастағы жасөспірім болып шыққан. Оның айтуынша, хостелде танысқан бұрынғы танысы оған қарызын аудару үшін реквизитін сұраған. Сол кезде оның өз есепшоттары бұғатталғанын айтып, басқа аударымдарды қабылдауын өтінген. Танысына сенген жасөспірім жеке деректерін беруге келіскен. Екі күннің ішінде оның есепшотына 100-ден астам аударым түскен. Жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында пост авторы ұсталды.
– Жарияланған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Сонымен қатар ол әскерде ешқашан болмаған әрі оның әскери қызметке еш қатысы жоқ. Өзінің осы әрекетімен ол әскери қызметтің беделіне нұқсан келтірді. Жалған ақпаратты тарату және алаяқтық фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот санкциясымен ол қамауға алынды. Осындай айласы үшін жігітке бірнеше жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады, – дейді ІІМ хабарламасында.
23 жастағы күдіктінің айтуынша, жалған ақпаратты ол ақша жинау мақсатында жариялаған.
Полиция азаматтарға жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік барын еске салып, тек ресми дереккөздерге ғана сенуге шақырады.