Партия кезең-кезеңімен өз бастамаларының ауқымын кеңейтуді жалғастырып жатыр.
Нәтижеге негізделген жұмыс: "AMANAT"  партиясының жобалары ел азаматтарын көптеп қамтуда
Фото: Жаслан Жұмабеков
112
оқылды

Мәжіліс Спикері, «AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен кеңесте партияның негізгі жобаларын жүзеге асыру нәтижелері талқыланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Бүгінде партия адамды және оның нақты қажеттіліктерін басты орынға қоятын жүйелі сервистік модель қалыптастыруда. Партиялық жобалар қазірдің өзінде миллиондаған азаматты қамтып, қарыз жүктемесін азайту, жұмыспен қамту, жерге қол жеткізу және қала мен ауылдағы тұрмыс сапасын жақсарту мәселелерін кезең-кезеңімен шешіп келеді.

Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту мәселесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрақты назарында. Осыған байланысты партия «Қарызсыз қоғам» жобасын жүйелі түрде дамытып, төртінші жыл қатарынан жүзеге асырып келеді. Жоба басталғаннан бері 1,7 миллионнан астам адамға қаржылық сауаттылық және берешектерді реттеу мәселелері бойынша көмек көрсетілді. Былтырдың өзінде жоба аясында 862 мың азамат қамтылып, олардың 422 мыңнан астамы қарызын қайта құрылымдай алды, 258 мыңнан астамының есепшоттарынан бұғаттау алып тасталды, ал шамамен 145 мың адам кешенді консультациялар алды. Қатысушылардың басым бөлігі – әйелдер мен көпбалалы отбасылар.

Сонымен қатар «Жер аманаты» партиялық жобасы аясында 14,2 миллион гектардан астам ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды, ал ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қайтарылған учаскелер туралы ақпаратқа ашық қолжеткізуге болатын jerkarta.gharysh.kz геосервисі іске қосылды. Солай бола тұра, Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында атап өткендей, негізгі міндет – жер қайтару ғана емес, оны тиімді игеру. Осыған байланысты жобаның басымдығы қайтарылған жерлерді әділ бөлуге, тұрақты шаруашылық айналымға енгізуге және тағы да игерілмей, бос қалуына жол бермеуге бағытталады.

Келесі қадам – осы база негізінде орнықты экономикалық модель құру. Дәл осы тұста «Ауыл аманаты» партиялық жобасының мәні мен маңызы айқындалады. Бұл жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Оның басты міндеті – тек ауыл тұрғындарына қолдау көрсету ғана емес, кооперация, өңдеу және өнімді кепілді өткізу арқылы толыққанды табыс жүйесін құру. Алғаш рет 2,2 мың ауылдық округке экономикалық скрининг жүргізіліп, олардың бағдары айқындалды, тың серпін беретін бағыты мен жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуеті анықталды. Ел аумағында өнімді сақтау және өңдеу инфрақұрылымы бар шағын өнеркәсіптік аймақтар құру мақсатында 103 локация белгіленді. Нәтижесінде, жер беру мен жеңілдетілген қаржыландырудан бастап, кооперативтерге біріктіру, оқыту және нарыққа шығаруға дейінгі толық тізбек қалыптасуда. Бүгіннің өзінде жоба жаңа жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерлікті дамыту ісін қамтамасыз етуде. Ал 2029 жылға қарай 1 миллионға жуық ауыл тұрғынын кооперативтерге біріктіріп, оларды тұрақты әрі болжамды табыспен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Тек биылдың өзінде 509 ауылдық округте 571 кооператив іске қосылып, 200 мыңға жуық ауыл тұрғыны өнім өткізудің бірыңғай тізбегіне қосылады деп жоспарлануда.

Осылайша, партия тек ауылдық жерлерді ғана емес, қалаларды да қамтитын кешенді қолдау моделін қалыптастыруда. Егер «Жер аманаты» мен «Ауыл аманаты» жобалары ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға және табысын арттыруға негіз қаласа,  Turgyndar Amanaty  жобасы миллиондаған қала тұрғынының күнделікті мәселелерін шешуге бағытталып отыр. Бұл – жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру, көпқабатты тұрғын үйлерді тиімді басқару және тұрғындардың өтініш-тілегіне жедел жауап беру. Жоба 2025 жылы елордада пилоттық режимде жүзеге асырылды, ал биыл тұтас ел аумағында қолға алынды. Былтыр тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша 110 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Бұған жауап ретінде партия жүйелі жұмысты жолға қойды – 700-ден астам МИБ төрағасы оқудан өтті, азаматтарға құқықтық көмек көрсетілді. Бүгінде бұл жоба тұрғындардың өтініш-тілегіне жедел әрекет етіп қана қоймай, қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылдың тұрақты жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр.

Жалпы алғанда, осы және өзге де партиялық бастамалар біртұтас жүйе қалыптастыруда. Бұл жүйеде адамның тұрғылықты жеріне қарамастан, ауылда немесе қалада   нақты қолдау көрсетуге, тұрмысын жақсартуға арналған тиімді құралдар ұсынылады. Бұл – бір реттік көмек емес, адамдардың қарыз жүктемесін азайтудан бастап, жерге қол жеткізуге, жұмыспен қамтуға және қаладағы өмір сапасын арттыруға дейінгі маңызды мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін тұрақты жұмыс. Партия кезең-кезеңімен өз бастамаларының ауқымын кеңейтуді жалғастырып, олардың тәжірибе жүзіндегі тиімділігін арттырады және ел аумағында азаматтардың тұрмысын жақсартуды қамтамасыз етеді.