Жалпы жүлде қоры – 20 миллион теңге.
Decentrathon 5.0 хакатонға Қазақстанның 20 қаласынан жиналған 3 000-нан астам әзірлеуші қатысады
фото: баспасөз қызметінен алынды
87
оқылды

Бүгін Шымкентте Digital Qazaqstan бірінші халықаралық технологиялық форумы аясында еліміздің технологиялық әлеуетін шоғырландырудың және IT мамандардың жаңа буынын қалыптастырудың тұрақты алаңына айналған ең ірі мультилокациялық хакатондардың бірі   Decentrathon 5.0 ресми түрде басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz 

Жарыстың ашылуында ҚР Премьер-министрінің орынбасары   Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев қазіргі заман шындығында технологиялық көшбасшылық мемлекеттің қолданбалы шешімдер мен мықты кадрлардың пайда болуына жағдай жасау қабілетімен анықталатынын, сондықтан ЖИ мен цифрлық құзыреттерді дамыту ұлттық бәсекеге қабілеттілік мәселесі екенін атап өтті.

Биыл Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Astana Hub халықаралық технопаркі және Blockchain & AI Technology Center (BAITC) бірлесіп ұйымдастырған хакатон ерекше ауқымға ие болмақ: Қазақстанның 20 қаласынан жиналған 3000-нан астам әзірлеуші он күн бойы inDrive және Solana Superteam Kazakhstan сияқты индустрия алпауыттарының нақты тапсырмаларымен жұмыс істейді. 

Мерейтойлық хакатонның басты ерекшелігі - техникалық тапсырмалар әлеуметтік-мемлекеттік бағытта. Онда inDrive компаниясы қатысушылардың назарын мемлекеттік сектордың басым міндеттерін шешу үшін жасанды интеллектіні қолдануға аударды.

Атап айтсақ, әзірлеушілер заңнаманы автоматты түрде талдауға арналған ЖИ жүйесін жасауы тиіс. Ол бір қызмет түрін реттейтін әртүрлі ведомстволардың актілеріндегі бір-біріне қайшы келетін нормативтерді анықтауға қабілетті болуы керек. Бұл нормативтік базаның бұрын-соңды болмаған ашықтығын қамтамасыз етеді. inDrive ұсынған екінші тапсырма субсидиялар беру кезінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге ЖИ-скорингін енгізумен байланысты. Бұл бюджет қаражатының нысаналы әрі барынша тиімді жұмсалуына кепілдік береді.

Сонымен қатар Solana Superteam Kazakhstan бүкіл әлем бойынша миллиондаған пайдаланушыларға арналған жаһандық технологиялық шешімдерді іске қосуға бағытталған Solana блокчейн-экожүйесі негізінде Web3-өнімдері мен сервистерін әзірлеу бойынша тапсырмаларды ұсынды.

Astana Hub бас директоры Мағжан Мадиевтің айтуынша, бүгінде ЖИ әзірлемелер саласына кіру кедергілерін айтарлықтай төмендетіп, технологиялық өнімдер жасауды демократияландыруда. Сондықтан қатысушылар экожүйе ішінде өміршең өнімдер жасауға көбірек көңіл бөлуі үшін хакатон форматы ұзартылды. Үздік жобалар технопарктің акселерациялық бағдарламалары аясында қолдау табады.

inDrive СТО-сы Юрий Мисник жаһандық платформа үшін Decentrathon-мен серіктестік   бұл тек инфрақұрылым мен деректер саласындағы тәжірибемен бөлісу ғана емес, сонымен бірге үкіметпен бірлесіп, қоғам мен мемлекеттік сервистерге нақты пайда әкелетін жаңа технологиялық көшбасшылардың шығуына ықпал ететін салауатты бәсекелестікті ынталандыру мүмкіндігі екенін атап өтті.

Үздік командалар жобаларын одан әрі дамыту және енгізу мақсатында ALEM AI халықаралық жасанды интеллект орталығының базасында өз шешімдері бойынша жұмысты жалғастыру мүмкіндігіне ие болады.

«Біз үшін командалардың жұмысы хакатон кезеңімен аяқталмай, экожүйе ішінде жалғасын тапқаны маңызды»,   деп атап өтті Blockchain & AI Technology Center бас атқарушы директоры Айдана Қасқырбек.

Decentrathon 5.0 жай ғана конкурстың шеңберінен шығып, ұзақмерзімді технологиялық серіктестіктердің іргетасына және Қазақстанды инновациялармен үздіксіз қамтамасыз етіп, бүкіл IT саланы сапалы трансформациялайтын Цифрландыру және жасанды интеллект жылына қосылған стратегиялық үлес болып саналады.