Салтанатты іс-шара барысында құрылыс компанияның бизнесті дамыту жөніндегі басқарушы директоры Меруерт Адилбаева спортшыны жеңіспен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Паралимпиада ойындарының жеңімпазы Ербол Хамитовқа екі бөлмелі  пәтердің  кілті табысталды
81
оқылды

Бүгін пара биатлоннан XIV қысқы Паралимпиада ойындарының жеңімпазы Ербол Хамитовқа Астана қаласындағы Zauzar тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі пәтердің кілтін «Grand Building Group» ЖШС құрылыс компаниясы табыстады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Салтанатты іс-шара барысында  құрылыс компанияның бизнесті дамыту жөніндегі басқарушы директоры Меруерт Адилбаева спортшыны  жеңіспен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

«Милан-Кортина-2026 қысқы XIV Паралимпиада ойындарында жоғары нәтиже көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғаған Ербол Хамитовты шын жүректен құттықтаймыз. Біз үшін жеңімпазға пәтер сыйлау – үлкен мәртебе әрі пара спортшыларға деген құрметіміздің белгісі. Алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, жаңа жеңістерге жете беруіңізге  тілектеспіз»,-деді Меруерт Адилбаева.

Айта кетейік, Ербол Хамитов Милан–Кортина–2026 қысқы Паралимпиада ойындарында пара биатлоннан 4,5 км қашықтықтағы із қуу дисциплинасында жеңімпаз, ал пара шаңғы жарысынан 1500 м классикалық спринт жарысында қола жүлдегер атанды. Оған қоса, кеше мемлекет басшысы пара спортшыны III дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттаған болатын. Ербол Хамитов пара биатлон және пара шаңғы жарысы бойынша «Еңбек сіңірген спорт шебері» атағын иеленіп, Қазақстан тарихында тұңғыш рет бірден екі спорт түрінен бұл мәртебеге қол жеткізген спортшы атанды.

Ербол Хамитовқа пәтер кілті табысталған соң, ресми құжаттарға қол қойылып, сыйға берілген пәтер таныстырылды.  Іс-шара кезінде Ербол Хамитов алғысын жеткізді:

«Паралимпиада ойындарында жеңімпаз атанып, Әнұранымызды шырқату – менің арманым еді. Осы мақсатыма жеткеніме қуаныштымын. Мені қолдап, сенім артқан барша жандарға ризашылығымды білдіремін. Еңбегімізді бағалап, мәртебемізді асқақтатып жатқан GBG компаниясына алғыс айтамын», – деді Ербол Хамитов.